САЙРАМ АУДАНЫНДА ТҰРҒЫНДАРҒА ҚАРЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ БОЙЫНША КЕҢЕС БЕРІЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Заң үстемдігі орнықпаса, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмейді. Ал бұл – әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі шарты», – деп атап өткен болатын. Бұл тұжырым қазіргі қоғам үшін аса маңызды. Қазақстан құқықтық мемлекет ретінде қалыптасу жолында болса, сол жолдағы табыстың кепілі – азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығы.

Осы бағытта Түркістан облысы, Сайрам ауданында тұрғындардың қаржылық және құқықтық мәдениетін арттыруға арналған семинар-кездесу ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шарада азаматтарға күнделікті өмірде жиі туындайтын қаржылық мәселелер, алаяқтықтан қорғану жолдары, несие шарттарының ерекшеліктері, сондай-ақ құқықтарын қалай тиімді қорғау керектігі жөнінде кәсіби әрі түсінікті кеңес берілді.
Кездесуге арнайы шақырылған мамандар қатарында – заңгер, «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшы Әйгерім Әмірәлиева және педагог-психолог Шара Абдирахманова болды. Олар өз тәжірибелерін бөлісіп, қатысушыларға жан-жақты әрі маңызды ақпараттар ұсынды.

– Құқықтық және қаржылық сауаттылық – әр адамның жеке қауіпсіздігінің негізі. Әр азамат өз құқығын біліп, оны заң аясында қорғай алуы тиіс. Біз осы бағытта жол көрсетіп, қолдау білдіреміз, – деді Әмірәлиева Әйгерім.

– Қаржылық сауатсыздық тек материалдық қиындықтарға емес, сонымен қатар күйзеліс, отбасыдағы түсініспеушілік, тіпті ойынқұмарлық (лудомания) сияқты әлеуметтік-психологиялық проблемаларға әкеледі. Әр адам өз өмірінің қаржылық және эмоционалдық тепе-теңдігін сақтауды үйренуі қажет, – деді психолог Шара Абдирахманова.

Кездесу соңында қатысушылар мамандарға өздерін мазалаған нақты сұрақтарын қойып, пайдалы әрі қажетті кеңестер алды. Жиналған жұртшылық мұндай шаралардың маңыздылығын ерекше атап өтіп, келешекте осындай ашық диалог алаңдарының жиі ұйымдастырылуын ұсынды.

Turkistan #AFM #Түркістан #АФМ #Туркестан #Бәйтерек