1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Түркістан облысында айтулы мерекеге арналған игі шаралар легі жалғасуда. Қазыналы қарияларға қамқорлық көрсетіп, өмірлік тәжірибесіне тағзым ету – өңірде дәстүрге айналған. Биыл мереке қарсаңында Сайрам ауданы, Қарасу ауылында жаңа «Құрмет» ардагерлер үйі ашылып, облыс ардагерлеріне қуанышты жаңалық сыйлады.
Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жиналған көпшілікті мерекемен құттықтады.
«Үлкенді сыйлау – ата-бабамыздан келе жатқан асыл дәстүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы “Елдің бірлігі мен берекесін сақтау жолында аға буынның рөлі ерекше” деп атап өткен болатын. Ардагерлеріміз ел дамуының тірегі, рухани тіреуі. Бүгін, Қарттар күні қарсаңында, олардың игілігіне бағытталған жаңа орталықты пайдалануға беріп отырмыз. Бұл – үлкен құрмет пен алғыс белгісі», – деді облыс басшысы өз сөзінде.
Жаңа орталықтың жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асады. Мұнда қариялардың бос уақытын тиімді өткізуге, демалып, әңгіме-дүкен құруына барлық жағдай жасалған. Ғимарат ауласы абаттандырылып, демалыс аймақтары, терренкур және скандинавиялық серуен жолдары орнатылған. Бір ауысымда 200 адамға дейін қабылдай алатын орталық ардагерлердің белсенді өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді.
Бұған дейін облыс ардагерлеріне 1976 жылы салынған Шымкенттегі ескі ғимарат қызмет көрсетіп келген еді. Енді жаңа орталықтың ашылуы – өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымындағы маңызды қадам.
Мерекелік іс-шара барысында ардагерлерге құрмет көрсетіліп, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды, мерекелік дастарқан жайылып, марапаттар табысталды.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 200 мыңнан астам зейнеткер тұрады, бұл – өңір халқының 10 пайызына жуық. Олардың ішінде 100 жастан асқан 51 қария бар. Облыс әкімдігі тарапынан ардагерлерді қолдау, олардың өмір сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында майдангерлер мен тыл ардагерлеріне ерекше ілтипат көрсетілді. Сонымен қатар өңірде 21 «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы жұмыс істеп, 10 мыңнан астам зейнеткердің бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалған. Жыл сайын 8 мыңға жуық қария облыстық бюджет есебінен санаторийлерде демалып, денсаулығын нығайтады.
Қарттар күніне орай облыс бойынша «Қариялар – елдің қазынасы» атты арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, спорт, мәдениет, білім және денсаулық сақтау салаларын қамтитын түрлі бағдарламалар жүзеге асуда.
