Түркістан облысының тарихи-мәдени орталығы саналатын Отырар ауданында абаттандыру және инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, аудан әкімі Қайрат Жолдыбайдың бастамасымен және аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің үйлестіруімен бірқатар жобалар аудандық бюджет есебінен іске асырылды. Бұл бастамалар елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Қасиетті Отырар – өңірдегі туризм кластерін дамытуға қолайлы аумақтардың бірі. Осыған байланысты аудан аумағындағы Арыстанбаб кесенесі маңын абаттандыру жұмыстарына ерекше мән берілді. Кесене жанынан өтетін айналма жол бойындағы қасбеттер абаттандырылып, бірыңғай сәулеттік стильде жаңартылды. Бұл жұмыстар зияратшылар мен шетелдік қонақтар үшін ауданның мәдени келбетін айқындайтын маңызды қадамға айналды.
Сонымен қатар «Түркістан – Шәуілдір» бағытындағы ауданға кіреберіс бас қақпа толықтай абаттандырылып, ауданға кірген әрбір жолаушыға Отырардың жаңарған әрі заманауи бейнесін ұсынуда.
Абаттандыру жұмыстары аудан орталығы – Шәуілдір ауылында да қарқынды жүргізілуде. Ұ.Арғынбеков даңғылы бойындағы жалпы ұзындығы 8,2 шақырымды құрайтын көшелерге жарықдиодты көше шамдары орнатылды. Бұл шешім энергия үнемдеумен қатар, түнгі уақыттағы көрінуді жақсартып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді.
Аудан орталығымен шектелмей, ауылдық елді мекендердің ішкі инфрақұрылымын дамытуға да басымдық берілуде. Отырар ауыл округіне қарасты Арыс елді мекеніндегі Малдыбеков көшесі ұзақ жылдар бойы тұрғындарды алаңдатқан мәселелердің бірі болатын. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, ұзындығы 2850 метр болатын бұл көшеге заманауи жаяу жүргіншілер жолы салынып, толық жарықтандыру жүйесі жүргізілді. Аудандық бюджет есебінен іске асқан жоба әсіресе мектеп оқушылары мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Отырар ауданында атқарылып жатқан бұл жұмыстар – жергілікті атқарушы органдар мен мердігер ұйымдардың үйлесімді жұмысының нәтижесі. Алдағы уақытта да аудан аумағында тұрғындардың игілігіне бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық және абаттандыру жобалары жалғасын табатын болады.

