Түркістан облысы өңдеу өнеркәсібін дамыту, инновациялық технологияларды енгізу және халықаралық әріптестікті нығайту бағытындағы стратегиялық жобаларды белсенді жүзеге асыруда. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді орындау аясында Мақтаарал ауданы, Атакент кеден бекеті маңында орналасқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының аумағында жаңа индустриалды парк құрылысы басталды.
Жобаның жалпы инвестициялық көлемі – 123 млрд теңге, ал ашылатын жаңа жұмыс орындарының саны 3 000-нан астам болады. Бұл көрсеткіш өңір үшін әлеуметтік-экономикалық серпін беріп, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына жол ашады. Қазіргі таңда орталық аумағында 10-ға жуық жергілікті кәсіпкер өз өндірісін іске қосты.
Индустриалды паркке электр энергиясын таратуға арналған жабдықтар, төмен вольтты электр құралдары, өнеркәсіптік автоматика жүйелері, пилотсыз ұшу аппараттары (БПЛА) және жаңартылатын энергия көздеріне арналған құрылғылар өндірісі енгізіледі. Бұл жобалар тек жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, жергілікті өндірісті дамытуға, салық түсімін көбейтуге және республикалық бюджетке қосымша қаржылық кіріс әкелуге мүмкіндік береді.
«Орталық Азия» ХӨК орталығы өңірдегі логистикалық және өндірістік кооперация платформасы ретінде қызмет атқарып, «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі арқылы өнімдерді өңдеу, тарату және экспорттық ағындарды біріктіруді қамтамасыз етеді. 2027 жылға дейін орталықта 60-тан астам ірі жоба іске қосылып, 13 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Нәтижесінде Түркістан облысы өңдеу өнеркәсібінің жаңа орталығына айналып, өңірдің инвестициялық тартымдылығы артады. Жаңа өндірістер жастарды жұмыспен қамтып, кәсіптік даярлауды жолға қойып, цифрлық өндіріс пен автоматтандыру жүйелерін енгізеді. Бұл бастама өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға, экономиканы әртараптандыруға және халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілікті нығайтуға нақты үлес қосады.
