ОРДАБАСЫ: ИНВЕСТОРЛАР ҮШІН ТАРТЫМДЫ ӨҢІР

Ордабасы ауданы соңғы жылдары инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асырып, ірі инвесторларды тартуда. Аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов халықаралық деңгейдегі энергетикалық компания – Қытайдағы үздік 10 салалық кәсіпорынның бірі «MINHI ENERGY» өкілдерін қабылдады.

«MINHI ENERGY» компаниясы жылына 0,4 ГВт қуат өндіру арқылы саладағы 8-орынға ие болып, жаңартылатын энергия көздері – күн және жел энергиясын пайдаланып, электр энергиясын тікелей өнеркәсіптік тұтынушыларға жеткізу бағытында жобаларды жүзеге асырады. Аталған компанияның Ордабасы ауданында серпінді жобаларды іске асыруға қызығушылық танытуы өңірдің экономикалық әлеуетінің айқын көрсеткіші болып отыр.

Кездесу барысында инвесторларға ауданның даму мүмкіндіктері, әлеуеті және инфрақұрылымдық жағдайлары таныстырылды. Ордабасы ауданының географиялық орналасуы, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы салаларындағы ресурстық базасы, сондай-ақ кәсіпкерлікке қолайлы инвестициялық ахуалы компания өкілдерінің назарын аударды. Аудандағы энергетикалық жобалар аймаққа жаңа өндіріс орындарын ашып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Жаңартылатын энергия көздерін дамыту – Ордабасы ауданында инвестиция тарту мен өңірлік экономиканы дамытудағы маңызды бағыттардың бірі. Мұндай жобалар ауданның ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, энергияға тәуелсіздікті күшейтеді. Сонымен қатар, халықаралық компаниялардың қатысуы жергілікті технологиялық стандарттардың жаңарып, инновациялық шешімдердің енгізілуіне ықпал етеді.

Ордабасы ауданы инвесторлар үшін тек өндірістік әлеуеті мен табиғи ресурстары бойынша ғана емес, сонымен қатар тұрақты даму мен жаңартылатын энергетика саласындағы перспективалық жобалары арқылы да тартымды өңірге айналып отыр. Бұл бағыттағы ынтымақтастық ауданның экономикалық дамуында жаңа серпін беріп, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің артуына жағдай жасайды.