ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР САНЫ АРТЫП, ЖАҢА ӨНДІРІСТЕР ІСКЕ ҚОСЫЛУДА

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың отырысында өңірде жүзеге асырылып жатқан маңызды инвестициялық жобалар мен аудан, қала әкімдерінің есептері тыңдалды. Жиын барысында Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестиция тарту және өндіріс орындарын ашу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты баяндама жасады.

Баяндамада ауданға инвестиция тарту, өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған жүйелі жұмыстарға ерекше назар аударылды. Соңғы жылдары Ордабасы ауданында инвестициялық ахуал айтарлықтай жақсарып, ірі әрі маңызды жобалар іске асырылып жатқаны атап өтілді.

Аудан әкімі өткен жылы жалпы құны 11,5 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаның жүзеге асырылғанын, соның нәтижесінде 364 жаңа жұмыс орны ашылғанын жеткізді. Атап айтқанда, қыш зауыты, алюминий профилі өнімдерін өндіретін зауыт және инновациялық темірбетон шығаратын өндіріс орны пайдалануға берілген. Сонымен қатар соңғы төрт жыл ішінде аудан экономикасына 173,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде 2025 жылы 59,6 млрд теңге игеріліп, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір жоғары болған.

Алдағы кезеңге жоспарланған жобалар туралы да мәлімет берілді. 2026 жылы жалпы құны 55 млрд теңгені құрайтын 57 инвестициялық жобаны іске асырып, 1163 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Жобалар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын кәсіпкерлік, энергетика және туризм салаларын қамтиды.

Сонымен бірге аудан аумағында «Бадам» индустриялық аймағы мен «Темірлан» өндірістік паркін дамыту, оларды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қытай Халық Республикасымен бірлескен жобалар аясында өндіріс, агроөнеркәсіп және инновациялық бағыттағы жаңа бастамалар қолға алынғаны айтылды.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвестициялық жобалардың уақтылы әрі сапалы іске асуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ халықты тұрақты жұмыспен қамту мақсатында жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық беруді тапсырды.