МАҚТААРАЛ: НҰРЛЫЖОЛ АУЫЛЫНА ГАЗ БЕРІЛІП, ЖАҢА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР БОЙ КӨТЕРДІ

Түркістан облысы соңғы жылдары әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. Соның айғағы – Мақтаарал ауданының Жаңажол ауылдық округіне қарасты Нұрлыжол ауылына табиғи газдың берілуі. Бұл — өңірдің ең оңтүстік нүктесінде орналасқан, шағын ғана ауыл үшін үлкен тарихи оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан ауылдық инфрақұрылымды дамыту, халықтың тұрмысын жақсарту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың нақты нәтижесі — Нұрлыжол тұрғындарының үйіне көгілдір отынның енуі болды. Іс-шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Бақыт Асанов Нұрлыжол — аудан бойынша газ жүйесіне қосылған 56-шы елді мекен екенін атап өтіп:

«Мақтаарал ауданы келесі жылы 100% табиғи газбен қамтылатын болады. Бұл — аудан халқы үшін үлкен жетістік әрі тұрмыс сапасын арттырудағы маңызды қадам», — деді. Газдандыру саласының мамандары да бұл жобаны ерекше қуанышпен қабылдады. «QazaqGaz Aimak» АҚ-ның құқықтық мәселелер және қоғаммен байланыс жөніндегі басқарушы директоры, осы ауылдың тумасы Абзал Сұлтанбеков өз сөзінде: «Бала күнімізде отын теріп, тезек илеумен өстік. Бүгін туған ауылымызға табиғи газ келуі – көптен бергі арманның орындалуы», — деп тебірене сөйледі. Жиында елге танымал тұлғалар — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев, ғалым Бақтияр Өнербаев, «Аманат» партиясы фракциясының жетекшісі Ғабит Тәжімұратов, «Қазатомпром» Ұлттық компаниясының вице-президенті Қуаныш Омарбеков, ҚР Жаппай көкпар федерациясының президенті Ғани Дирманов, әлем чемпионы Арман Оспанов ауыл тұрғындарын тарихи сәтпен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Жиын соңында ауыл ақсақалдары батасын беріп, жаңа газ жүйесінің символикалық отын жағу рәсімі өтті. Бұл сәт ауыл тарихындағы жаңа белесті білдірді. Нұрлыжолдағы жағымды жаңалықтар мұнымен шектелмейді. Меценаттардың демеушілігімен ауылға жаңа мешіт салу жобасы қолға алынды. Оның іргетасы да салтанатты түрде қаланып, ауыл тұрғындары қуаныштарын жасырмады. Сондай-ақ, биылғы жаңа оқу жылында 200 орындық заманауи мектеп пайдалануға берілді. Бұл — ауылдың әлеуметтік әлеуетін арттырып, жас ұрпаққа сапалы білім алуға мүмкіндік ашқан маңызды қадам. Түркістан облысында соңғы жылдары газдандыру, жол құрылысы, әлеуметтік және білім нысандарын салу қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстар облыстың жалпы ішкі өнімінің өсіміне және тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына тікелей әсер етуде. Тек Мақтаарал ауданының өзінде соңғы үш жылда ондаған елді мекен газбен қамтылып, инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Қазіргі таңда аудандағы елді мекендердің 85%-ы көгілдір отынға қосылған, ал қалған ауылдарда құрылыс жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Газдандыру тек тұрмыстық қолайлылық қана емес — бұл аймақтың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, энергия ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, табиғи газдың келуі ауылдарда шағын және орта бизнес саласын дамытуға жол ашады: наубайхана, жылыжай, қоғамдық тамақтану орындары, өңдеу цехтары сияқты кәсіп түрлері көбейіп келеді. Нұрлыжол тұрғындары бұл игі жаңалықтарды үлкен қуанышпен қабылдап, ауылда ас беріп, ел бірлігін атап өтті. Тұрғындар үшін бұл тек газ келуі емес — ел назарынан тыс қалмаған ауылдың жаңа өмір бастауы. Нұрлыжолдың бүгінгі келбеті – Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының айқын айғағы. Мемлекеттік қолдау мен азаматтардың ынтымағы арқасында ауылдардың тынысы кеңейіп, өмір сапасы артып келеді.