МАҚТААРАЛ: МЫРЗАКЕНТТЕГІ ЗАМАНАУИ САЯБАҚ – ӨҢІР ӨРКЕНДЕУІНІҢ АЙҒАҒЫ

Түркістан облысы — соңғы жылдары инфрақұрылымдық және экономикалық даму қарқыны жоғары аймақтардың бірі. Соның айқын дәлелі — Мақтаарал ауданындағы Мырзакент кентінің орталық саябағының пайдалануға берілуі. Жаңа демалыс орнының ашылуы ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Ашылу салтанатына аудан әкімі Бақыт Асанов пен аймақтың қоғамдық белсенділері қатысып, нысанның лентасын қиды. Заманауи үлгіде салынған саябақ аумағында балалар ойын алаңшалары, амфитеатр, сәндік субұрқақтар, көгалдандырылған демалыс аймақтары, автотұрақ пен жаяу жүргіншілер жолдары қарастырылған. Бұл орын тек демалыс пен серуендеуге ғана емес, жастар мен отбасылардың мәдени және шығармашылық орталығына айналмақ. Саябақтың ашылуымен қатар «Altyn Kuz – 2025» атты дәстүрлі мереке өтті. Бұл шара диқандар мен шаруалардың күзгі жиын-терім науқанының табысты аяқталуын атап өтуге арналды. Сонымен бірге, ел егемендігінің 35 жылдығына арналған «Қазақстан – туған елім, ұлы өлкем!» атты салтанатты жиын ұйымдастырылып, аудан еңбеккерлері мен мәдениет саласының үздіктері марапатталды.

Аудан әкімі өз сөзінде: «Осыдан 35 жыл бұрын қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация — еліміздің жаңа тарихының бастауы болды. Бүгінде Тәуелсіздік пен бірліктің арқасында ауданымыз көркейіп, жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Мырзакенттің орталық саябағы – соның айқын дәлелі», — деді. Сондай-ақ, мереке аясында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі саласында үздік нәтижеге жеткен еңбеккерлер мен агроқұрылымдар арнайы дипломдар және алғыс хаттармен марапатталды. Мырзакент кентіндегі бұл нысан — тек мәдениет пен демалыс орны емес, аудан экономикасының өсіп, халықтың әл-ауқатының жақсаруының символы. Соңғы жылдары Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту, инфрақұрылым саласын жетілдіру, тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар салу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мақтаарал ауданында жолдар жөнделіп, ауылдар газ және ауызсумен қамтамасыз етіліп, тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік нысандардың саны артуда. Бұл өңірдің экономикалық дамуының тұрақты әрі кешенді сипат алғанын көрсетеді. Сондай-ақ, туризм мен мәдени инфрақұрылымға инвестиция тарту бағытындағы жұмыстардың нәтижесінде аудан тұрғындарының өмір сапасы айтарлықтай жақсаруда. Жаңа саябақ осы үрдістің нақты жемісі – аймақ экономикасының өсуімен қатар, халықтың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған әлеуметтік қолдау шараларының көрінісі. Кеш соңында елге танымал әншілер – Асан Пердеш, Нұрмахан, Ержан Қайратұлы және «Баян Сұлу» триосы өнер көрсетіп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. От шашулармен қорытындыланған бұл күн Мақтаарал жұрты үшін ел дамуы мен берекесінің мерекесіне айналды.