МАҚТААРАЛДА 2026 ЖЫЛҒА ДЕЙІН АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ТОЛЫҚ ШЕШІЛМЕК

Түркістан облысының экономикалық және әлеуметтік дамуында инфрақұрылымдық жобалардың рөлі ерекше. Соңғы жылдары өңірдің барлық аудандарында халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – Мақтаарал ауданындағы ауыз су жүйелерін жаңғырту жұмыстары. Аудан әкімі Бақыт Асановтың жетекшілігімен ауыз су мәселесін түбегейлі шешу бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жалғасуда. Әкім Атакент кентіне жасаған жұмыс сапары барысында ауыз су жүйелерін қайта құру барысымен танысып, құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Қазіргі уақытта Атакент кенті мен Өркениет елді мекенінде жүйелерді жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2 млрд 881 млн теңге бөлінген. Жобаның жалпы құны 3 млрд 532,1 млн теңге шамасында. Нысанның бас мердігері – «Радикон» ЖШС.

Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 65 пайызы аяқталды. Іске асырылған жұмыстардың қатарында, сыйымдылығы 1000 м³ болатын 2 су резервуарының орнатылуы, тереңдігі 275–280 метр болатын 2 ұңғыманың қазылуы, насос станциясы мен бақылау-өткізу пунктінің салынуы, 320 метр қоршау мен әртүрлі диаметрдегі полиэтилен құбырлардың төселуі бар.

Бұл жобаның нәтижесінде Атакент кенті мен Өркениет елді мекенінің тұрғындары тәулік бойы үздіксіз, сапалы және таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Ауыз су жүйесін жаңарту – бұл тек инженерлік жоба емес, бұл өңірдің әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттыратын ұзақмерзімді инвестиция. Су жүйелерінің жаңартылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті кәсіпорындардың белсенділігінің артуына және халықтың өмір сапасының жақсаруына ықпал етеді. Қазіргі таңда Мақтаарал ауданындағы елді мекендердің 100 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Дегенмен, тозығы жеткен 10 ауылдық округте қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында Атакент пен Өркениет те бар еді. 2026 жылдың соңына дейін осы жобалар толық аяқталған жағдайда, аудан ауыз су мәселесін толықтай шешкен алғашқы аймақтардың бірі атанбақ. Бұл өз кезегінде Түркістан облысының әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуы мен инвестициялық тартымдылығын жаңа деңгейге көтереді. Мақтаарал ауданындағы бұл бастама – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың өмір сүру сапасын арттыру, ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларының нақты жүзеге асуының көрінісі. Мемлекет тарапынан бөлінген инвестиция тек құрылысты ғана емес, халықтың болашағын, денсаулығын және тұрақты тіршілігін қамтамасыз етуге бағытталған. «Ауыз су – адам өмірінің өзегі. Ал сапалы судың әрбір үйге жетуі – мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігінің айқын көрінісі», – дейді аудан әкімі Бақыт Асанов. Мақтааралдағы ауыз су жүйелерін қайта жаңғырту жобасы – облыстың экономикалық дамуы мен инвестициялық әлеуетінің нақты көрсеткіші. Жоба толық аяқталған соң, аудан тұрғындары таза ауыз суға толық қол жеткізіп қана қоймай, экологиялық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылық тұрғысынан жаңа белеске көтеріледі.