Түркістан облысының Мақтаарал ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. «Атамекен» кедендік бекетінің маңындағы арнайы экономикалық аймақ аумағында жалпы құны 5,8 миллиард теңге болатын «Мақтарал Xing Feng» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мақта және мақта майын өңдеу зауытының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл жоба – өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мен шикізатты тиімді өңдеу ісінде маңызды қадам болып табылады. Зауыт толық қуатына енген соң жылына 10 мың тонна мақтаны өңдеп, 10 мың тонна мақта майын өндіруге қауқарлы болады. Бұл Мақтаарал мен көршілес аудандарда өсірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін жергілікті жерде қайта өңдеуге және экспорттық әлеуетті арттыруға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа өндіріс орны 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек. Бұл өз кезегінде аудан халқының әлеуметтік жағдайына оң әсер етіп, ауыл тұрғындары үшін жаңа табыс көзін ашпақ. Жобаның жүзеге асу барысымен танысу мақсатында Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов құрылыс алаңында болып, жұмыс қарқыны мен сапасына назар аударды. Әкім нысанның белгіленген мерзімде және жоғары сапада аяқталуы үшін барлық қолдау көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ, инфрақұрылымды дамыту, инженерлік желілерді тарту және жергілікті кадрларды даярлау мәселелері де басты назарда екенін атап өтті. Бұл зауыт — арнайы экономикалық аймақта бой көтеріп жатқан төрт ірі өндіріс орнының бірі. Олардың қатарында, «Tabys Silkway» ЖШС – құны 1,5 млрд теңге, тоқылған және полипропилен қаптарын өндіретін зауыт, «Taza Agro Onimderi» ЖШС – құны 500 млн теңге, күріш өңдеу зауыты, «Food Waste» ЖШС – құны 5 млрд теңге, органикалық қалдықтарды өңдеу кәсіпорны бар. Бұл жобалардың барлығы іске қосылған жағдайда өңір экономикасына айтарлықтай серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және Түркістан облысының өндірістік әлеуетін арттыруға ықпал етпек. Мақтаарал ауданындағы бұл бастамалар – өңірдің агроиндустриялық бағыттағы дамуының нақты дәлелі. Инвестиция тарту, өндірісті әртараптандыру және экспорттық бағытты кеңейту — облыстың экономикалық тұрақтылығы мен өсімін қамтамасыз етудің негізгі тетігі болып отыр.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
