МАҚТААРАЛДА БАҚША ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТІ АРТЫП, АУЫЛ ЭКОНОМИКАСЫНА СЕРПІН БЕРІЛУДЕ

Қазақстанның аграрлық секторы соңғы жылдары сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеріле бастады. Бұл үрдістің айқын дәлелі – Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы бақша өнімдерін өндіру мен экспорттау бағытындағы ауқымды жобалардың қарқынды дамуы. Күні кеше облыстың БАҚ өкілдері Мақтаарал ауданына арнайы пресс-турмен келіп, ауыл шаруашылығы саласындағы тың серпін мен өндірістік жетістіктердің куәсі болды. Делегация Мақтаарал ауылдық округінде орналасқан “Агрогруз” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. «Агрогруз» ЖШС – ауыл шаруашылығына бағытталған ірі инвестициялық жоба. Қазіргі таңда кәсіпорын құрылысының соңғы кезеңінде тұр. Заманауи стандарттарға сай салынған өндіріс орны қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген. Жобаға тартылған инвестиция көлемі – 150 миллион теңге. Бұл қаражат кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын нығайтуға, өндіріс қуатын арттыруға және өнім сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған. Жаңа кәсіпорын жыл сайын 6 мың тоннаға дейін бақша өнімдерін – қауын, қарбыз және өзге де дақылдарды шетел нарығына экспорттауға мүмкіндік береді. Бұл тек ауданның ғана емес, тұтас облыстың экономикалық әлеуетін көтеретін маңызды қадам. “Бүгінгі таңда экспорттық бағыт ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруды, сақтау мен тасымалдау жүйесін жаңғыртуды қажет етеді. Мақтааралдағы бұл жоба – осы талаптарға жауап беретін үлгілі бастама”, – дейді аудан әкімдігі өкілдері. Мақтаарал өңірі табиғи климаттық ерекшелігі мен құнарлы топырағы арқасында бақша шаруашылығының нағыз орталығына айналып келеді. Бүгінде аудан бойынша 13 005 гектар жерге бақша дақылдары егілген. Оның ішінде 12 392 гектары – қауын, ал 613,3 гектары – қарбыз дақылдарына арналған. Егіс жұмыстары үш кезең бойынша — ерте, орта және кеш пісетін сорттарға бөлініп жүргізіледі. Бұл тәсіл өнімді үздіксіз жинауға, нарықты тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биылғы маусымда 10 мың тоннадан астам қауын және 3 мың тоннаға жуық қарбыз жиналып үлгерген. Ал орта мерзімді және кеш пісетін сорттардың өнімдері алдағы апталарда ішкі және сыртқы нарыққа жөнелтілмек. Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін сұрыптау, сақтау және буып-түюге арналған логистикалық орталықтар мен заманауи қойма кешендерін құру жұмыстары қолға алынған. Мұндай инфрақұрылым өнімнің сапасын сақтап, экспорт көлемін арттыруға және фермерлердің табысын көбейтуге сеп болады. Бұл бағыттағы бастамалар ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырып қана қоймай, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтеді. Шетелдік серіктестермен бірлескен жобалар енгізілуі – халықаралық стандарттарға сай өнім өндірудің нақты жолын айқындауда. Мақтаарал ауданында бақша шаруашылығын дамыту – жергілікті халық үшін әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан маңызды. Өнім көлемінің ұлғаюы жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және жергілікті бюджеттің кірісін көбейтуге жол ашады. Сонымен қатар, бұл жоба елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық әлеуетін арттыруға, сондай-ақ Қазақстанның сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін мемлекет ретіндегі беделін нығайтуға өз үлесін қосады.