МАҚТААРАЛДА АУЫЛ МЕДИЦИНАСЫНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

Мақтаарал ауданында ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Соның айқын дәлелі – Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Өнімкер, Ырысты және Қарақыр ауылдарында бір күнде үш бірдей фельдшерлік-акушерлік пункттің пайдалануға берілуі. Бұл қадам өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтып, халық денсаулығын қорғауға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсетті.

Жаңа медициналық нысандардың ашылу салтанатына Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды оқиғамен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде денсаулық сақтау саласын дамыту, әсіресе ауылдық елді мекендерде сапалы медициналық қызметке қол жеткізуді қамтамасыз ету – мемлекет үшін басым міндеттердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетуге, профилактикалық тексерулер жүргізуге және ана мен бала денсаулығын бақылауға кең мүмкіндік береді.

Аталған ФАП-тар мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі аясында салынды. Құрылыс жұмыстарын белгіленген талаптарға сай орындап, ғимараттарды толық медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтаған мердігер – «QAZ Goodwill» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Модульді үлгіде салынған нысандар заманауи медициналық құрылғылармен қамтамасыз етіліп, ауыл халқының күнделікті қажеттіліктеріне бейімделген.

Салтанатты іс-шара барысында ауыл ақсақалдары мен тұрғындар өңірде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға тұрақты қолдау көрсетіп отырған облыс және аудан басшылығына, сондай-ақ «Мырзакент» аудандық ауруханасының басшылығына алғыстарын білдірді.

Айта кету керек, соңғы жылдары Мақтаарал ауданында ауылдық медицина нысандарын жаңғырту және салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соңғы екі жылда ауданда 10-ға жуық фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілсе, өткен жылы Түркістан облысы бойынша 30-ға жуық ФАП ел игілігіне тапсырылды. Бұл бастамалар өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі болып отыр.