КӨКТЕРЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Сарыағаш ауданына қарасты Көктерек ауылдық округінде әлеуметтік, инфрақұрылымдық және экологиялық бағыттағы мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Ауылдың дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында бірқатар жүйелі жұмыстар қолға алынып, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Көктерек ауылдық округі екі елді мекеннен — Көктерек кенті мен Дархан ауылынан тұрады. 2024 жылы округ құрамына Дархан елді мекенінің қосылуы ауылдың жалпы әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға оң ықпал етті. Осыған байланысты ауыл шаруашылығына арналған жер көлемі 400 гектарға дейін ұлғайды. Бұл қадам ауыл экономикасын дамытуға, жер ресурстарын тиімді пайдалануға және жаңа өндірістік бағыттарды енгізуге мүмкіндік беріп отыр. Инфрақұрылымдық даму бағытында да айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Дархан елді мекенінде орналасқан кіші футбол алаңшасында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, спорт нысаны жаңартылуда. Бұл ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасайды. Сонымен қатар, Көктерек кенті аумағында көше белгілерін орнату, ағаштарды суару және санитарлық тазалық шаралары тұрақты түрде атқарылып келеді. Округтің жол инфрақұрылымын жаңғырту да назардан тыс қалған жоқ. Көктерек ауылдық округінің жол жиегіндегі ағаш қоршаулар жаңартылып, тозығы жеткен бөліктерге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Дархан елді мекеніндегі Жабаев көшесінде орналасқан Шошым арығы үстіндегі көпірге ағымдағы жөндеу жасалып, нысан толық пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Көктерек кенті мен Дархан елді мекенінің ішкі көшелерінде жол жөндеу жұмыстары басталып, қазіргі таңда белсенді жүргізілуде. Экологиялық бағыттағы жұмыстар да ерекше назарда. «Таза Қазақстан» акциясы аясында көктем мезгілінде республикалық маңызы бар А-15 автожолының бойынан 0,40 гектар жер қоршалып, жаңа суғару жүйесі орнатылды. Аталған аумаққа 500 дана қара ағаш көшеті егілді. Бұл шаралар табиғатты қорғауға, жасыл аймақты кеңейтуге және қоршаған ортаның экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар, Көктерек кентіндегі Н.Жұматаев көшесіне жаңа қоқыс контейнерлері орнатылып, тұрмыстық қалдықтарды жинау жүйесі жақсартылды. Бұл қадам ауылдың санитарлық жағдайын жақсартып, экологиялық мәдениетті арттыруға ықпал етпек. Көктерек ауылдық округіндегі жүйелі жұмыс ауыл халқының өмір сапасын арттыруға, елді мекендерді абаттандыруға және әлеуметтік мәселелерді тиімді шешуге бағытталған. Инфрақұрылымдық жобалардың кезең-кезеңімен жүзеге асуы, ауыл шаруашылығына инвестиция тарту және экологиялық бастамаларды қолдау – округтің тұрақты дамуының айқын дәлелі.