КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢҒЫРЫП, ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРУДЕ

Түркістан облысы бойынша соңғы жылдары жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мен әлеуметтік нысандарды жаңғыртуға ерекше мән беріліп келеді. Бұл бағыттағы ірі жобалардың бірі – Кентау қаласында жүргізіліп жатқан жол жөндеу және абаттандыру жұмыстары. Қазіргі таңда қаладағы Шахтастрой көшесі мен Шахтастрой мүйісінде ұзындығы 2,35 шақырымды құрайтын орташа жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Құрылысшылар жолдың негізін дайындап, жаңа асфальт жабындысын төсеп үлгерді. Бұл жұмыстар аяқталған соң, шағын аудан тұрғындарының қозғалыс қауіпсіздігі мен тұрмыстық қолайлылығы айтарлықтай жақсарады. Қала әкімі Жандос Тасов құрылыс барысын бақылап, мердігер компания өкілдеріне сапа мен мерзімді сақтау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, жобаның тұрғындарға барынша қолайлы болуын ескеріп, ұзындығы 0,67 шақырымды қамтитын жаңа аяқжол салу жұмыстары да қатар жүзеге асырылуда. Аталған жоба – 2026 жылға өтпелі, яғни кезең-кезеңімен толық аяқталатын кешенді құрылыс бағдарламасының бір бөлігі. Бұл бастама облыс әкімінің тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы қала» тұжырымдамасы аясында жүзеге асып жатыр. Жол жөндеу жұмыстарының маңызы тек көлік қатынасын жеңілдетуде ғана емес. Бұл – өңір экономикасының жандануына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына бағытталған маңызды әлеуметтік жоба. Инфрақұрылымның сапалы болуы – бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және тұрғын үй құрылысы мен шағын сауда орындарының көбеюіне жол ашады. Кентау қаласы соңғы жылдары Түркістан облысының индустриялық және әлеуметтік тұрғыдан серпінді дамып келе жатқан аймақтарының бірі саналады. Мұнда жол инфрақұрылымымен қатар, инженерлік желілерді жаңарту, әлеуметтік нысандарды жөндеу, тұрғын үй құрылысы және абаттандыру бағыттарында да бірқатар ауқымды жобалар іске асуда. Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, қаладағы жолдарды жүйелі түрде жөндеу арқылы көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырумен қатар, экологиялық жүктемені азайту және қоғамдық кеңістіктердің сапасын жақсарту көзделген. Жалпы алғанда, Түркістан облысының инфрақұрылымдық дамуы — өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Кентауда қолға алынған жобалар осы бағыттағы кешенді жұмыстың нақты көрінісі болып табылады.