Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қаладағы бөлімдер мен мекемелердің 2025 жылы атқарған жұмыстары және 2026 жылға жоспарланған жобалардың орындалуы бойынша есептерін тыңдауды бастады. Бұл жиындар қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған нақты шаралардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Жиын барысында Кентау қалалық «Мансап орталығы» КММ-нің басшысы Нұркен Бекбаев «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, 2025 жылға аталған бағдарлама аясында 6 186 жұмыссыз азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш артығымен орындалып, жалпы 6 328 азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 4 220 азамат тұрақты жұмыс орындарына орналасса, 2 108 азамат уақытша жұмыспен қамту шараларына тартылды.
Сонымен қатар, халықтың кәсіпкерлік белсенділігін арттыру және табыс көздерін әртараптандыру мақсатында өткен жылы 88 азаматқа мемлекеттік грант берілді. Қазіргі таңда олар өз кәсібін дамытып, шағын бизнес арқылы тұрақты табыс тауып отыр. Бұл өз кезегінде қаланың экономикалық белсенділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына оң әсерін тигізуде.
Алайда, сала бойынша есеп берген мекеме басшысының баяндамасын тыңдаған қала әкімі бірқатар көрсеткіштердің төмен деңгейде орындалғанын сынға алды. Атап айтқанда, жұмыстардың баяу жүргізілуі, ауыл әкімдіктерімен өзара іс-қимылдың әлсіздігі, сондай-ақ тұрғындарды уақытша жұмыс орындарына тарту бағытындағы шаралардың жеткіліксіздігі атап өтілді.
Осыған байланысты қала әкімі жауапты мекеме басшыларына және бақылаушы бөлімдерге мұндай кемшіліктерге жол бермеу қажеттігін қатаң ескертті. Сонымен қатар, 2026 жылы жұмыспен қамту бағытындағы шараларды күшейтіп, көрсеткіштердің сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.
Жалпы, Кентау қаласында халықты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау және еңбек нарығын дамыту шаралары қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырудың негізгі бағыттарының бірі ретінде алдағы уақытта да жүйелі түрде жүзеге асырылатын болады.

