Кентау қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қозғалысын қамтамасыз ету бағытында ауқымды әрі кешенді жұмыстар атқарылуда. Қала көшелерінің сапасын арттыру – жергілікті биліктің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
2025 жылы қала аумағында жалпы ұзындығы 26,45 шақырымды құрайтын 32 көшеде орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, 2024 жылдан өтпелі жобалар аясында Байылдыр және Қарнақ ауылдарындағы 22 көшенің 16,5 шақырым жолы толықтай жаңартылды. Сонымен қатар, қала аумағындағы 7 көпқабатты тұрғын үйдің ауласында асфальт жабындылары жөнделіп, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастырылды.
Ал 2026 жылға жалпы ұзындығы 15,2 шақырымды құрайтын 16 көшеде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 2025 жылдан өтпелі Шахтастрой көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарын толық аяқтау, Кентау қаласының 5 көшесінде, Хантағы ауылындағы 5 көшеде, Шоқтас елді мекеніндегі көшелерде және Қарнақ айналма жолында орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Қазіргі уақытта аталған жобалар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсына қажетті құжаттар әзірлену үстінде.
Сонымен қатар, қаланың көлік логистикасын жақсарту мақсатында Д.Қонаев даңғылын Халықаралық әуежайға апаратын айналма жолмен жалғайтын қайта жаңарту жобасына жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Аталған жолдың жалпы ұзындығы 2,3 шақырымды, ені 16 метрді құрайды. Жоба аясында 4 жолақты, I санаттағы автомобиль жолын салу, екі жақты жарықтандыру бағаналарын орнату және екі жақты жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарланған. 2025 жылы бұл нысанға 200,0 млн теңге қаржы бөлініп, жол негізін дайындау жұмыстары басталды. 2026 жылы құрылыс жұмыстары жалғасын табады.
Бұдан бөлек, 2026 жылы қалаішілік жолдарда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 3 000 шаршы метр ойылған жол учаскелеріне ағымдағы жөндеу жүргізу, сондай-ақ көктем және күз мезгілдерінде жол таңбалау (разметка) жұмыстарын атқару жоспарланған. Қазіргі таңда аталған жұмыстар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды.
Сонымен бірге, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында қала аумағында 200 дана жол белгісін жаңарту көзделіп отыр. Бұл шаралар жаяу жүргіншілер мен автокөлік жүргізушілері үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.

