КЕНТАУЛЫҚ КӘСІПКЕР ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ӨНДІРІС АРҚЫЛЫ ӨҢІР ДАМУЫНА ҮЛЕС ҚОСУДА

Бүгінде әлем елдері экологиялық қауіпсіздік пен «жасыл экономика» қағидаттарына ерекше мән беріп отыр. Бұл бағытта Қазақстан да артта қалып жатқан жоқ. Экологиялық таза өндіріс құрып, табиғатты сақтай отырып пайда табу – қазіргі заманның басты талабына айналды. Осы үрдістің нақты үлгісін Түркістан облысының Кентау қаласында табуға болады. Қаладағы «Қаратау Полимер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2018 жылдан бері тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу ісімен айналысып келеді. Кәсіпорынды жергілікті кәсіпкер Ұлықбек Рахымжанұлы басқарады. Оның бастамасы бүгінде тек өңір экономикасына ғана емес, қоршаған ортаның тазалығына да оң әсерін тигізіп отыр. Кәсіпорынның негізгі бағыты – тұрмыстық пластик қалдықтарды, соның ішінде бөтелке мен баклашкаларды жинап, қайта өңдеу. Осылайша, өндіріс қалдықты шикізатқа айналдырып, оны қайта өңделген полимер түрінде экспортқа шығарады. Бүгінде өнімдері Ресей Федерациясына жөнелтіліп, өңір экономикасына елеулі табыс әкелуде. Компанияның былтырғы жылдық өткізу көлемі 800 мың тоннаға жетіп, өндіріс қуаты жыл сайын артып келеді. Бұл – экологиялық өндірістің тиімділігін дәлелдейтін нақты көрсеткіш. Кәсіпорын директоры Ұлықбек Рахымжанұлы бұл бағыттағы басты мақсаттарын былай деп түсіндіреді: «Біздің алдағы жоспарымыз – қайта өңделген өнімді тек шетелге ғана емес, өз елімізде де тиімді пайдалануға жағдай жасау. Яғни, отандық нарыққа сапалы әрі қолжетімді шикізат ұсыну арқылы ішкі өндірісті қолдау», – дейді кәсіпкер. Бүгінде «Қаратау Полимер» серіктестігінде 25 қызметкер тұрақты жұмыс істейді. Бұл – аймақ тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары мен тұрақты табыс көзі. Сонымен қатар, компания қызметі Кентау мен оның маңындағы экологиялық ахуалды жақсартуға үлкен үлес қосуда. Қалдықты қайта өңдеу ісі – тек экологиялық емес, экономикалық тиімді шешім. Бір тонна қайта өңделген пластик жаңа шикізат өндіруден бірнеше есе арзан әрі энергия үнемдейді. Демек, бұл бағыт табиғатты қорғап қана қоймай, ел экономикасын да дамытудың тиімді құралы болып отыр. Мұндай жобалар өңірдің индустриялық-инновациялық даму саясатына да сай келеді. Түркістан облысында соңғы жылдары өндірісті әртараптандыру, экологиялық кәсіпті дамыту және жасыл технологияларды енгізу бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Кентау қаласындағы «Қаратау Полимер» сол бастамалардың нәтижесін нақты көрсетіп отырған кәсіпорынның бірі. Экологиялық өндіріс – болашаққа жасалған инвестиция. Ал осындай жергілікті жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал ететіні анық.