Түркістан облысының ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі — Келес ауданы. Соңғы жылдары мұнда құрылыс, әлеуметтік инфрақұрылым және тұрғын үй саласында жүйелі жұмыс жүргізіліп, ауданның экономикалық келбеті айтарлықтай жаңаруда. Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 8,5 млрд теңгеден асты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 180,5 пайыздық өсімді көрсетеді. Индикаторлық жоспарға сәйкес, құрылыс саласына биыл 12,4 млрд теңге бағытталған. Ал тұрғын үй құрылысы бойынша жылдық жоспар 28 300 шаршы метрді қамтыса, 9 айда оның 21 705 шаршы метрі пайдалануға берілді. Бұл — жоспардың 107 пайызға орындалғанын білдіреді. Аудан орталығында және ауылдық округтерде әлеуметтік маңызы жоғары жобалар жүзеге асып жатыр. Абай ауылында 2 қабатты, 8 пәтерлі 22 тұрғын үйдің құрылысы қарқын алған. Қазіргі таңда нысандардың шатыр жабу жұмыстары жүргізілуде. Үйлер бірнеше мердігер компаниялардың күшімен салынып, келер жылы ел игілігіне берілмек. Сонымен қатар, Біртілек ауылында 300 орындық мектеп, Ғ.Мұратбаев және Абай ауылдарында 600 орындық жаңа мектептер пайдалануға берілді. Бұл нысандар өңірдегі білім сапасын арттырумен қатар, жастарға сапалы білім мен заманауи жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Келес ауданында мәдени және спорт инфрақұрылымына да ерекше назар аударылуда. Жүзімдік ауылдық округінде 149 орындық мәдениет үйі, ал Абай ауылында жаңа буынды дамыту орталығы мен мұражайдың құрылысы басталды. Бұл жобалар мәдени өмірді жандандырып, ішкі туризм мен рухани дамуға серпін береді. Жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында төрт ауылда жаңа спорт залдарының құрылысы қолға алынған. Сонымен қатар, Мақташы ауылында ұлттық спорт түрлеріне арналған кешен, ал Ошақты ауылында ангар типті спорт залының құрылысы басталуда. Бұл жобалар өңірдің спорттық әлеуетін арттырумен бірге, жас буынды салауатты өмір салтына баулиды. Ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру мақсатында алты елді мекенде жаңа медициналық пункттердің құрылысы жүріп жатыр. Бесқұбыр, 1-Мамыр, Көлтоған, Игілік, Достық және Атақоныс ауылдарында салынып жатқан емдеу нысандары халыққа қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Мұндай жобалар тек әлеуметтік міндетті орындап қана қоймай, жергілікті еңбек нарығын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашады. Бұл – ауданның экономикалық белсенділігін арттыратын маңызды факторлардың бірі.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
