КЕЛЕС АУДАНЫ: ИНДУСТРИЯЛЫҚ ДАМУ МЕН ШЕКАРА САУДАСЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

Келес ауданы шекара маңының стратегиялық әлеуетін тиімді пайдаланып, өңір экономикасын әртараптандыру бағытында нақты қадамдар жасауда. Ауданда соңғы жылдары инвестиция тарту, отандық өндірісті дамыту және экспорттық әлеуетті арттыру бағыттарында бірқатар табысты жобалар жүзеге асуда. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев Абай ауылында іске қосылған екі өндіріс нысанының жұмысымен танысып, кәсіпорындардың дамуына қолдау көрсету жолдарын талқылады. 2020 жылы іске қосылған «Кенжеқұл» жеке кәсіпкерлігінің панель шығаратын цехы бүгінде аудан экономикасына серпін беріп отырған өндіріс орындарының бірі. Құны 50 млн теңге болатын бұл жоба құрылыс саласына қажетті жылу сақтайтын “Теплофасад” панельдерін шығарады. Кәсіпорын жылына 80 мың дана өнім өндіре алады. Бұл тек ішкі нарықты қамтып қана қоймай, көршілес өңірлерге және шекара маңындағы сауда бағыттарына экспорттауға мүмкіндік береді. Ал 2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «SAF» жеке кәсіпкерлігі — Келестегі тұрақты дамып келе жатқан өндіріс нысандарының бірі. Цех жылына 1600 тонна шаруашылық сабын шығарып, жергілікті нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп отыр. Жобаның жалпы құны — 100 млн теңге, аумағы — 0,10 гектар. Бүгінде мұнда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ең бастысы — өнім СТ-KZ сертификатына ие, яғни оның отандық өндіріс екенін растайды. Бұл сертификат кәсіпорынға ұлттық экспорттаушылар тізіміне енуге және сыртқы нарыққа шығуға жол ашады. «Келестегі өндіріс орындарының дамуы — өңірдің экономикалық тәуелсіздігі мен инвестициялық тартымдылығын арттырады. Біз шекаралық аймақтың логистикалық мүмкіндігін тиімді пайдаланып, экспортқа бағытталған өндіріс көлемін арттыруды көздеп отырмыз», – деді аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев.Келес ауданы Өзбекстан Республикасымен шектесетін аймақта орналасқандықтан, бұл өңірдің сауда және логистикалық әлеуеті жоғары. Соңғы жылдары ауданның инфрақұрылымдық мүмкіндігі кеңейіп, инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Өндіріс ошақтарының көбеюі шекара маңындағы шағын және орта кәсіпкерлікті жандандырып, экспортқа бағытталған өнім түрлерінің артуына ықпал етуде. Бұл — ұлттық экспорттаушыларды қолдаудың нақты үлгісі.