КЕЛЕС АУДАНЫНДА 40-ТАН АСТАМ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСУДА

Келес ауданы соңғы жылдары инвестиция тарту мен экономикалық әртараптандыру бағытында айтарлықтай серпінге ие болып келеді. Өңірде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, энергетика, денсаулық сақтау және қызмет көрсету салаларын қамтитын 40-тан астам ірі және орта көлемді инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар ауданда жаңа өндіріс ошақтарын ашып, халықтың тұрмыс сапасын арттыру мен жұмыс орындарын көбейтуге бағытталған. Аудан әкімдігінде өткен инвестициялық жобалар жөніндегі штабтың кеңейтілген отырысында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев әрбір жобаның іске асу барысын жеке-жеке талқылап, олардың экономикалық тиімділігіне ерекше назар аударды. «Инвестиция – өңір дамуының басты тетігі. Әрбір жоба уақтылы әрі сапалы жүзеге асуы керек. Бұл – аудан экономикасына серпін беріп қана қоймай, тұрғындардың әл-ауқатын арттырудың нақты құралы», – деді аудан басшысы. Қазіргі таңда ауданда 500 гектар жерге жылыжай кешенін салу, ірі көпбейінді аурухана құрылысы, асфальт және темір-бетон бұйымдарын өндіретін зауыт ашу, қуаттылығы 100 және 20 мегаватт болатын күн электр станцияларын салу сынды ірі жобалар іске асырылып жатыр. Бұл бастамалар Келестің индустриялық және энергетикалық әлеуетін арттырып, жергілікті кәсіпкерлік белсенділікті күшейтуде. Сонымен қатар, сүт өнімдерін өңдеу цехы, көкөніс сақтау қоймалары, ірі қара мен жылқы бордақылау алаңдары, балық шаруашылығы мен жүзім, бау-бақша өсіру жобалары агроөнеркәсіптік кешеннің жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді. Аудан табиғи-климаттық жағдайының қолайлылығын тиімді пайдалану арқылы тоғанды балық шаруашылығы, павлония мен тұт ағашын отырғызу сияқты экологиялық және экспорттық әлеуеті жоғары бағыттарды дамытып отыр. Жеңіл және тамақ өнеркәсібі саласында да айтарлықтай қозғалыс бар. Ауданда шұлық, кондитерлік өнім, құлпынай қайнатпасы, мақта майы, балық жемі, пластикалық ыдыс және тұт шайын өндіретін кәсіпорындар іске қосылуда. Қызмет көрсету бағытында жаңа сауда үйлері, мейрамханалар, тойханалар және жанармай бекеттері салынуда. Мұның барлығы аудан орталығы мен ауылдық округтердің әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртып, Келестің инвестициялық тартымдылығын күшейтеді. Жиында аудан басшысы ауыл және ауылдық округ әкімдеріне инвестициялық жобалардың орындалу деңгейіне қарай рейтингтік жүйе енгізуді тапсырды. Бұл қадам әрбір округтің даму қарқынын айқындап, нәтижелі жобаларды қолдауға және бәсекеге қабілеттілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Жиынды қорытындылай келе, Жәнібек Ағыбаев инвестициялық жобалардың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретінін, олардың арқасында жүздеген жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындардың табысы артып келе жатқанын атап өтті.