КЕЛЕС АУДАНЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР ЖҮЙЕСІ ДАМЫП, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМГЕ ҮЛЕС ҚОСУДА

Келес ауданында әлеуметтік қолдау мен инклюзивті қоғам құру бағытындағы жұмыстар елдің жалпы экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды бөлігіне айналып отыр. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және оның алдын алу мәселелеріне арналған жиында осы бағыттағы нақты нәтижелер мен болашақ міндеттер талқыланды. Жиында «Қазыналы қария – Тең қоғам» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының 2025 жылдың 8 айындағы қызметі кеңінен қаралды. 2022 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатқан бұл орталық — халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау ісінде маңызды рөл атқарып келеді. Биылғы жылдың өзінде 654 зейнеткер мен 272 мүгедектігі бар азамат медициналық, психологиялық, құқықтық және спорттық қызмет түрлерімен қамтылған.  Орталықтың басты ерекшелігі — қызметтер кешенінің ауқымында. Мұнда келушілерге дәрігерлік кеңес, емдік массаж, тұз шахтасы, спорттық жаттығулар ұсынылып, артериалдық қысымды төмендету мен дұрыс тамақтану тақырыбында арнайы тренингтер өткізілді. Сонымен қатар азаматтарға психологиялық қолдау көрсетіліп, интернет алаяқтықтан қорғану, құқықтық сауаттылық бойынша түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар тұлғалар курорттық-санаторий жолдамаларымен, протез-ортопедиялық құралдармен және басқа да қажетті жабдықтармен қамтылды. Цифрлық қызметтерді кеңейту мақсатында «Egov.kz» порталы арқылы 245 азаматқа құжат рәсімдеу бойынша кеңес берілген. Мұндай әлеуметтік бастамалардың экономикалық маңызы зор. Біріншіден, әлеуметтік қызметтердің сапалы көрсетілуі халықтың өмір сүру деңгейін арттырып, еңбекке қабілеттілікті сақтауға және белсенді ұзақ өмір сүруге ықпал етеді. Екіншіден, бұл шаралар жергілікті экономиканың тұрақты дамуына, яғни әлеуметтік инфрақұрылым мен қызмет көрсету салаларының жандануына әсер етеді. Үшіншіден, әлеуметтік теңдіктің сақталуы мен қоғамның инклюзивті дамуы — жергілікті бюджеттің тиімді игерілуін, көлеңкелі экономиканың азаюын қамтамасыз етеді. Жиын қорытындысында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыруды, зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету шараларын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ Ақтөбе ауылдық округі әкімдігі мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, көлеңкелі экономикамен күрес бағытындағы жұмыстары да талқыланды.