Келес ауданының экономикалық және әлеуметтік дамуы соңғы жылдары айтарлықтай қарқын алып келеді. Инфрақұрылымдық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданда энергетикалық қауіпсіздік пен тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Соның ішінде ең маңыздысы – табиғи газ жүйесін тарту және елді мекендерді толық газбен қамтамасыз ету мәселесі. Жуырда аудан әкімінің орынбасары Мақсат Тұрдиевтің жетекшілігімен табиғи газбен қамтамасыз ету мәселелері бойынша штаб отырысы өтті. Онда құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысы, сапасы және жобаларды уақтылы аяқтау мәселелері қаралды. Жиынға мердігер ұйымдар мен техникалық және авторлық қадағалау мекемелерінің өкілдері қатысып, нақты тапсырмалар мен жауапкершілік аймақтары белгіленді.Қазіргі таңда Келес ауданындағы 83 елді мекеннің 59-ы немесе 116 874 тұрғын, яғни жалпы халықтың 77,1 пайызы табиғи газға қосылған. Бұл — аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, экономикалық тиімділік пен экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды көрсеткіш.Газ жүйесіне қосылған әр ауылда жеке кәсіпкерлік пен тұрмыстық өндіріс өркендеп, жаңа шағын бизнес түрлері ашылуда. Себебі табиғи газдың қолжетімді болуы өндіріс шығындарын азайтып, жергілікті шаруашылықтардың тиімділігін арттырады. Сонымен қатар тұрғын үйлердің газдандырылуы электр энергиясына түсетін жүктемені төмендетіп, отын тасымалдауға кететін шығындарды қысқартады. Бүгінде Ұшқын ауылдық округіне қарасты Достық және Қоралас елді мекендерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Ал Қошқарата ауылдық округі мен Ұшқын ауылдық округінің кей бөліктерінде құрылыс аяқталып, атқарушы техникалық құжаттар әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, Бірлік, Ошақты және Қаратал ауылдық округтеріндегі 9 елді мекеннің (Жанатіршілік, Қосөткел, Үшағаш, Бақшысай, Ынталы, Саттаров, Атақоныс, Жиделі және Қаратал) жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, сараптама қорытындысы алынған. Ендігі кезеңде қаржыландыру көздері анықталып, құрылыс жұмыстары бастау алмақ. Бұл бағыттағы жобалар тек тұрғындарды газбен қамту ғана емес, сонымен бірге жергілікті экономиканы әртараптандыруға және инвестиция тартуға бағытталған. Газ инфрақұрылымының кеңеюі инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастырып, өндіріс пен қызмет көрсету салаларының дамуына жағдай жасайды. Газ жүйесінің кеңеюі – тұрғындардың өмір сапасын арттырудың, тұрмыстық шығындарды азайтудың және қоршаған ортаны қорғаудың нақты тетігі. Табиғи газдың пайдаланылуы көмір мен сұйық отынға деген тәуелділікті азайтып, аудан экологиясына оң әсерін тигізуде. Сонымен қатар газ желісінің тартылуы жергілікті бюджетке түсетін кірісті арттырып, жұмыс орындарын ашуға, құрылыс және қызмет көрсету салаларының жандануына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырып, экономикалық өсімнің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
