КЕЛЕСТЕ ӨНЕРКӘСІП ӨРКЕНДЕП, 9,7 МЛРД ТЕҢГЕЛІК ИНВЕСТИЦИЯ ЭКОНОМИКАҒА СЕРПІН БЕРМЕК

Келес ауданы соңғы жылдары инвестициялық тартымдылығы артып, жаңа өндіріс орындары мен өнеркәсіптік жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар — Мемлекет басшысының өңірлердің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру, инвестиция тарту және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының нақты көрінісі. Аудан аумағында жалпы құны 9,7 млрд теңгені құрайтын алты ірі жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 130 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл бастамалар Келестің экономикалық қуатын еселеп, аймақтың өнеркәсіп саласындағы дамуына тың серпін береді. Жүзімдік ауылдық округінде құны 2,5 млрд теңге болатын ЖК «Омар» минералды су зауытының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба іске қосылғанда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл кәсіпорын өңірдің экологиялық таза табиғи су қорын тиімді пайдаланып, ішкі нарықтағы бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағытталған. Ақтөбе ауылдық округінде қуаттылығы 20 мВт «АЖУР» күн электр станциясы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл жоба да елдің жасыл экономикаға көшу саясатын қолдай отырып, 20 тұрғынға тұрақты табыс әкелмек. Энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етумен қатар, жоба өңірдің экологиялық тұрақтылығын арттыруға зор үлес қосады. Сондай-ақ осы округте «Almaty NS-Group» ЖШС 2025-2026 жылдары құны 2,5 млрд теңге болатын күйдірілген қыш зауытының құрылысын қолға алуды жоспарлап отыр. Құрылысы аяқталған соң тағы 30 азамат жұмысқа орналасады. Бұл зауыттың іске қосылуы құрылыс саласына қажетті материалдарды жергілікті жерде өндіруге мүмкіндік беріп, импортты алмастыруға жол ашады.Ұшқын ауылдық округінде «НұржанKZ-2025» ауыл шаруашылығы кооперативі 200 млн теңгеге шұлық тігу цехын ашпақ. Бұл жоба жергілікті жеңіл өнеркәсіпті дамытумен қатар, әйелдердің еңбекке араласуына мүмкіндік бермек. Аудан орталығында ЖК «Бақдаулет» 300 млн теңгеге пластикалық ыдыс өндіретін цехтың құрылысын жүргізуде. Өндіріс іске қосылғанда тағы 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, тұрмыстық және өндірістік мақсаттағы пластик өнімдерінің ішкі нарықтағы үлесі артады. Ал Абай ауылында «Керімбай» ауыл шаруашылығы кооперативі 238 млн теңге көлемінде инвестиция тартып, сүт өңдеу цехын іске қоспақ. Бұл кәсіпорын өңірдегі мал шаруашылығы өнімдерінің қайта өңделу үлесін арттырып, ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін күшейтеді. Жалпы алғанда, алты жобаның жүзеге асырылуы — Келес ауданының өнеркәсіптік инфрақұрылымын жаңғыртып, жергілікті бюджеттің кірісін арттыруға, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа технологиялардың енгізілуі мен энергия үнемдеу тәжірибесінің қолданылуы өңірдің инвестициялық беделін күшейтеді. Аудан әкімдігі тарапынан бұл жобаларға барынша қолдау көрсетілуде. Қажетті инфрақұрылым тартылып, инженерлік желілер мен жолдар салу мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде.