Түркістан облысы соңғы жылдары еліміздің экономикалық даму картасында ерекше серпінмен алға жылжып келеді. Географиялық тұрғыдан қолайлы орналасуы, халықаралық көлік дәліздерінің түйісу нүктесінде орналасуы – өңірдің инвестициялық тартымдылығын еселей түсуде. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі арқылы өтетін тас жол мен теміржол торабы Түркістанды ірі өндірістік және логистикалық орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді.
Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мақсатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен кездесіп, Түркістан өңірінде интеграцияланған экожүйелік өндірістік парк құру жөніндегі жоспарды талқылады.
– Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі өндірушісі. Әсіресе мақта өсіру саласы аймақ экономикасының маңызды бөлігі болып саналады. Қазіргі таңда облыста 144,5 мың гектар алқапта мақта егілсе, оның 50 мың гектары озық технологияларды қолдана отырып өңделуде. Бұл – жаңа өнеркәсіп жобаларына берік негіз, – деді аймақ басшысы.
Облыста 25 мақта өңдеу зауыты жұмыс істейді. Ендігі мақсат – дайын өнім өндіру арқылы экспорттық әлеуетті арттыру. Сол себепті шетелдік әріптестер ұсынған жаңа экожүйелік парк жобасы өңірдің өнеркәсіптік дамуында жаңа белес болмақ.
Жоба аясында мата және дайын киім-кешек өндірісі, логистикалық және қойма орталықтары, сауда-көрме алаңдары мен цифрлық сервис жүйелері қамтылмақ. Сондай-ақ электронды сауданы дамыту, білікті мамандар даярлау бағыттары да қарастырылған.
Толық іске қосылған кезде жоба 12 мың адамды жұмыспен қамтып, Түркістанды Орталық Азиядағы тоқыма индустриясының ірі орталығына айналдыруға ықпал етеді.
Бүгінде облыс инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап отыр: «Turan» арнайы экономикалық аймағында салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған, ал дайын инфрақұрылымы бар индустриалды және шағын өнеркәсіптік парктер арқылы бизнеске толық қолдау көрсетілуде.
Экономикалық әріптестік пен инвесторларға ашық саясат Түркістанды жаңа өндірістер мен инновациялық жобалардың аймағына айналдыруда.
