Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, еліміздің оңтүстігінде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүйелі түрде іске асырылуда. Бұл бағытта Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылым нысандарының құрылысы ерекше қарқын алған. Солардың бірі — Жетісай ауданы, онда құрылыс саласы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі локомотивтерінің біріне айналып отыр.
Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов жұмыс сапары барысында Жетісай қаласы мен ауылдық округтерде салынып жатқан бірқатар нысандардың құрылыс барысын аралап көрді. Сапар кезінде ол мердігер мекемелердің басшыларымен кездесіп, орындалған жұмыстардың сапасын тексеріп, құрылыс қарқыны мен материал сапасына ерекше назар аударды. Бірінші кезекте әкім Жетісай қаласының аумағын кеңейтуге бөлінген 80 гектар аумақта болды. Мұнда қазіргі таңда 5 қабатты, 32 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, 400 орындық балабақша мен «Тұран» мектебі жанындағы аяқталмаған аяқжол құрылысы да бақылауға алынды.
Сонымен қатар, аудан басшысы Қызылқұм ауылдық округінің Қосқұдық елді мекеніндегі құрылысы толық аяқталған заманауи спорт алаңшасын аралап көріп, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беретін жаңа демалыс аллеясының құрылысын бастау барысымен танысты. Әкім округке кіреберістегі көпірдің техникалық жағдайын да назардан тыс қалдырмай, оны жөндеу мен күшейту жұмыстарын уақытылы жүргізуді тапсырды. Серік Үсенұлы барлық нысандар бойынша мердігерлерге нақты талаптар қойып, құрылыс сапасы мен қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуы қатаң бақылауда болатынын ескертті. «Мемлекет тарапынан бөлінген әр теңге халық игілігіне жұмсалуы тиіс. Сапасыз жұмыс немесе мерзімнің бұзылуына жол берілмейді», — деді аудан басшысы.
Айта кету керек, 2025 жылдың алғашқы сегіз айының қорытындысы бойынша Жетісай ауданында 7 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары орындалған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5 миллиард теңгеге артық. Мұндай өсім — аудандағы құрылыс саласының тұрақты даму қарқынын және инвесторлар мен кәсіпкерлердің өңірге деген сенімін айқын көрсетеді. Жетісай ауданы бүгінде тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік инфрақұрылым, демалыс алаңдары мен спорт нысандарының санын арттыру арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты істерді кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді.
