ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА АЛҒАШ РЕТ ЗАМАНАУИ ТЕННИС ОРТАЛЫҒЫ САЛЫНУДА

Жетісай ауданы соңғы жылдары экономикалық және әлеуметтік тұрғыда қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. Бұл – аудан әкімдігі мен инвесторлардың өзара тиімді әріптестігінің, нақты істерге негізделген даму саясатының нәтижесі. Соның айқын көрінісі – ауданда жеке инвестиция есебінен салынып жатқан заманауи теннис орталығының құрылысы. Жоба «SPORT ASSET MANAGEMENT» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен, 1 миллиард теңгеге жуық жеке инвестиция арқылы жүзеге асырылуда. Бұл – Жетісай ауданына тартылған ірі инвестициялық жобалардың бірі. Нысан Асықата кентінде 1 гектар аумақта бой көтеріп, ауданның спорт инфрақұрылымын жаңғырту мен экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Жаңа спорт орталығының құрылысы — тек спорт саласын дамыту емес, сонымен қатар жергілікті экономиканың жандануына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және қызмет көрсету саласының кеңеюіне мүмкіндік беретін әлеуметтік-инвестициялық жоба. Орталық толық іске қосылғанда, бір мезетте 200-ге жуық адамды қабылдай алатын, жоғары стандартқа сай кешен болады. Мұнда екі үлкен жаттығу залы, бокс және күрес аймақтары, заманауи тренажерлер, спортшылар мен жаттықтырушыларға арналған демалыс және жатын бөлмелер қарастырылған. Теннис орталығының салынуы – ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыруға, жеке капиталдың өңір экономикасына бағытталуына жол ашты. Осындай жобалар өңірге қосымша салық түсімдерін қамтамасыз етіп, шағын және орта бизнестің дамуына, қызмет көрсету секторының кеңеюіне, сондай-ақ туризм мен спорттық индустрияның өсуіне негіз қалайды.

Бүгінде Жетісайда спорттық және әлеуметтік инфрақұрылым бағытында айтарлықтай серпіліс бар. Соңғы екі жылда 20-ға жуық жаңа спорт нысаны іске қосылған. Ал биылғы жылдың соңына дейін жалпы құны 90,5 млн теңгеге тең тағы 6 спорт алаңының құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Теннис орталығының пайдалануға берілуі — Жетісайдың спорттық брендіне айналатын ірі жоба болмақ. Бұл тек спорт саласындағы жетістік емес, сонымен қатар ауданның экономикалық және инвестициялық әлеуетін нығайтатын, өңірдің заманауи келбетін айқындайтын маңызды нысан. Мұндай бастамалар Жетісайды инвестиция үшін қолайлы, өмір сүруге ыңғайлы, ал жастар үшін мүмкіндікке толы аудан ретінде қалыптастыруға үлкен үлес қосып отыр.