Ауданға инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында Жетісай ауданында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар Түркістан облысының экономикалық әлеуетін арттыру және ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру мақсатында жүзеге асырылып келеді.
Осы бағытта ауданға шетелдік инвесторлармен байланыс орнату, ортақ жобаларды іске асыру және жаңа өндіріс алаңдарын ашу бойынша нақты келіссөздер жүргізілді. Түрік елінің ірі аграрлық компанияларының бірі «Горкем Тарым» өкілдерімен болған кездесуде тараптар өндірістік жылыжай кешендері мен көкөніс сақтау қоймасын салу, ауданнан өндірілетін жеміс-жидек өнімдерін шетел нарығына экспорттау, бау-бақша дақылдарын өсіру және жоғары өнім беретін көшеттерді жеткізу мәселелерін талқылады. Мамандардың айтуынша, Жетісай өңірі ауыл шаруашылығына ең қолайлы аймақтардың бірі болып саналады. Мұнда мақта, бақша және көкөніс өнімдері кең көлемде егіледі, сондықтан шикізат қоры жеткілікті. Бұл өз кезегінде қайта өңдеу кәсіпорындарын ашуға, өнімнің қосылған құнын арттыруға және жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтуға зор мүмкіндік береді.
Инвестиция тарту — аудан экономикасының дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетігі. Жетісай ауданы үшін сыртқы және отандық инвесторлардың қатысуымен жаңа кәсіпорындар ашу — жұмыссыздықты азайту және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған басты қадамдардың бірі. Айта кету керек, соңғы жылдары мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға және инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысының бастамасымен кәсіпкерлерге ұсынылатын мемлекеттік қолдау көлемі мен жеңілдетілген несиелердің мөлшері артты. Соның нәтижесінде соңғы 5 жылда ауданға 90,2 млрд теңге инвестиция тартылып, өңір экономикасына серпін берілді. Өткен жылы жалпы құны 4,3 млрд теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылып, 262 жаңа жұмыс орны ашылды. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 419,6 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Мұндай жобалар ауыл шаруашылығын ғана емес, өнеркәсіп пен қайта өңдеу саласын да дамытып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Инвестиция көлемінің ұлғаюы — бұл тек экономикалық өсім ғана емес, сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам.
