ЖЕТІСАЙЛЫҚ ШАРУАЛАР 106 МЫҢ ТОННАДАН АСТАМ АҚ АЛТЫН ЖИНАДЫ

Түркістан облысының ең ірі аграрлық аймақтарының бірі — Жетісай ауданында мақта теру науқаны қызу жүріп жатыр. Күн-түн демей алқапта тер төгіп жүрген еңбеккерлердің арқасында бүгінгі таңда 106 мың тоннадан астам шитті мақта жиналды.

Ауданның негізгі экономикалық тірегі саналатын агросектордағы табыс — жер емген шаруалардың еңбегінің нәтижесі. Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов егістік алқаптарын аралап, жиын-терім жұмыстарының барысымен танысты. Аудан басшысы шаруалармен пікірлесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өнімділікті арттыру мен заманауи технологияларды енгізу мәселелерін талқылады. Биылғы жылы аудандағы 79,3 мың гектар суармалы жердің 43,1 мың гектарына отандық және шетелдік (Түркия мен Қытайдан әкелінген) тұқымдық шит егілген. Бүгінде соның 41,9 мың гектарынан 106 525 тонна ақ алтын жиналып отыр. Бұл көрсеткіш — ауданның ауыл шаруашылығындағы жоғары еңбек өнімділігін айқындайды.

Жиын-терім жұмыстарына 715 трактор, 897 тіркеме, 61 ОВХ және 239 мақта теру комбайндары тартылған. Заманауи техниканы тиімді пайдалану — жұмыс қарқынын арттырып, шығын көлемін азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Өткен жылы жетісайлықтар 41 мың гектарға мақта сеуіп, 112 750 тонна өнім алған болатын. Ал биыл шаруалар 119,3 мың тоннадан астам өнім жинауды жоспарлап отыр. Мұндай мақсатқа жету үшін шаруалар тамшылатып суару әдісін кеңінен енгізуде. Қазіргі таңда аудан бойынша 5646 гектар жерге, оның ішінде 2600 гектар мақта алқабына осы үнемді технология қолданылған. Бұл — суды үнемдеп, өнім сапасын арттырудың ең тиімді жолы. Биылғы күзгі дала жұмыстарына арналған 1933,8 тонна жеңілдетілген дизель отынына 100 пайыз өтінім беріліп, шаруалар қажетті жанармаймен толық қамтамасыз етілді. Бұл – мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына көрсетіліп отырған нақты қолдаудың айғағы. Жетісайлық шаруалар тек мақтамен шектелмей, 17 мың гектарға бақша, 3,3 мың гектарға көкөніс, 8,7 мың гектарға дәнді дақылдар, 6,7 мың гектарға мал азықтық дақылдар және 261 гектарға картоп егіп, мол өнім жинауда. Нәтижесінде, 452,4 мың тонна бақша өнімі, 88,2 мың тонна көкөніс, және 250 мың тонна мал азығы қамбаға құйылған. Бұл көрсеткіштер ауданның агроөнеркәсіптік кешеніндегі өнім алу тиімділігі мен инновациялық технологияларды енгізудің нақты нәтижесін көрсетеді. Жетісай өңірінің еңбекқор диқандарының тынымсыз еңбегі, жаңа агротехникалық әдістерді батыл қолдануы – Түркістан облысының азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық әлеуетін арттыруға үлкен үлес қосып отыр.