ЖЕТІСАЙЛЫҚ ДИҚАНДАР ТРОПИКАЛЫҚ ӨНІМ ӨСІРУДІ МЕҢГЕРІП, ШЕКАРА МАҢЫНДАҒЫ САУДАНЫ ДАМЫТУДА

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласында инновациялық тәсілдерді батыл енгізіп, жаңа бағыттарға жол ашып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, бүгінде өңірде жерді тиімді пайдалану және бір аумақтан бірнеше өнім алу тәжірибесі кеңінен қолданысқа енгізілуде.

Бұл бастаманың айқын үлгісін Жетісай ауданының еңбекқор диқандары көрсетіп отыр. Күн шуағы мол, суармалы жері құнарлы Жетісайда фермерлер жылыжай шаруашылығын қарқынды дамытып, тропикалық өсімдіктер өсіру ісін жолға қойған. Биылдың өзінде 129 фермер жылыжайда қияр, қызанақ, болгар бұрышы, баялды, лимон және гүл көшеттерін өсірумен айналысуда. Жалпы көлемі 23,5 гектарды құрайтын жылыжайлардың 9,54 гектары көмірмен, 13,48 гектары табиғи газбен жылытылады. Мұның барлығы жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашуда. Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов Атамекен ауылдық округіндегі фермер Берік Байымбетовтың жылыжайында болып, оның табысты жұмысымен танысты.

1,64 гектар аумақта орналасқан жылыжайда заманауи тамшылатып суғару технологиясы қолданылады. Бұл әдіс суды үнемдеп, өнімнің сапасы мен көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Мұнда 1 гектарға лимонның «Мерри» сорты, ал қалған бөлігіне қияр егілген. 5 жыл бұрын егілген лимон ағаштары қазір толық жеміс беруде. Әр түптен 100 келіге дейін өнім алу көзделген. Бүгінде шаруашылықтың табиғи өніміне сұраныс тек Жетісай мен Мақтааралда ғана емес, Шардара және Шымкент қаласында да жоғары. Лимонның келісі 1000–1200 теңге аралығында сатылып, отбасылық табыстың тұрақты көзіне айналған.

«Лимон – шыдамдылық пен күтімді қажет ететін өсімдік. Бірақ нәтижесі соған тұрарлық. Алдағы уақытта банан мен киви сияқты тропикалық жемістерді де өсіруге бел буып отырмыз», – дейді Берік Байымбетов. Жылыжай иелеріне Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан энергия ресурстарына арналған шығыстарды субсидиялау бағдарламасы шаруалардың ынтасын арттыра түсті.

Мемлекеттік қолдау нәтижесінде соңғы жылдары жылыжай көлемі бірнеше есеге өсіп, бүгінде 23,5 гектарға жеткен. Оның ішінде, 5,8 гектарға – қызанақ, 4,3 гектарға – қияр, 1,5 гектарға – баялды және болгар бұрышы, 1 гектарға – лимон егілген. Бұл өнімдер ішкі нарықты толық қамтамасыз етумен қатар, көрші елдерге экспортқа шығаруға бағытталып отыр. Жетісай ауданы Өзбекстанмен шекаралас аймақта орналасқан. Бұл — ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға зор мүмкіндік. Бүгінде лимон мен көкөніс өнімдерін Ташкент, Ферғана, Наманган қалаларына экспорттау мәселесі қарастырылуда. Шекара маңындағы сауданы дамыту – өңір экономикасын нығайтудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың жаңа бағыты. Сондықтан алдағы уақытта облыс әкімдігі логистикалық орталықтар мен өнім сақтау қоймаларының инфрақұрылымын дамытуға күш салмақ. Бұл бастама жергілікті кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ауылдық жерлерде тұрақты табыс көзін қалыптастыруға ықпал етеді.