ЖЕТІСАЙДА ТАУАРЛЫ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Бүгінде Түркістан облысы жасанды тоғандар мен су айдындарында балық өсіру ісінде еліміз бойынша көш бастап келеді. Соның ішінде аграрлы әлеуеті жоғары Жетісай ауданы да тауарлы балық шаруашылығын дамытудың тиімді бағыттарына ден қойып отыр. Соңғы жылдары бұл салада кәсіп бастауға ниетті азаматтардың қатары көбейіп, мемлекет қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобалар аймақ экономикасына серпін беруде.

Осындай еңбекқор кәсіпкерлердің бірі — Атамекен ауылдық округінің тұрғыны Айман Базарова. Ол биылғы мамыр айында өз қаражаты есебінен Шардара ауданынан дөңмаңдай (толстолоб), ақ амур және сазан тұқымдас 30 мың дана шабақ сатып алып, арнайы тоғандарға жіберген. Аумағы 3 гектар, тереңдігі 2 метр болатын тоғандарда өсіріліп жатқан балықтардың орташа салмағы небары 6 айдың ішінде 1 келіге дейін жеткен. Бұл — кәсіпкердің жүйелі күтімі мен заманауи тәсілдерді дұрыс қолдануының нәтижесі. Кәсіпкердің айтуынша, қараша айында алғашқы өнім саудаға шығарылмақ. Қазірдің өзінде Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан сатып алушылар тарапынан жоғары сұраныс түсіп жатыр. Бұл өз кезегінде Жетісайда өндірілген өнімнің экологиялық тазалығы мен сапасының дәлелі. Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов кәсіпкердің жұмысымен арнайы барып танысып, балық шаруашылығын дамыту бағытындағы жоспарларын тыңдады. Кездесу барысында ол мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қаржылай және инфрақұрылымдық қолдау тетіктерінің тиімділігін түсіндіріп, бизнесін кеңейту жолында бар мүмкіндік бар екенін атап өтті.

— «Қазіргі таңда балық шаруашылығын дамыту — аграрлық экономиканың маңызды бағытының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, балық шаруашылығын өркендету үшін субсидиялар, жеңілдетілген несиелер мен арнайы бағдарламалар қарастырылған. Балық жемі мемлекет есебінен субсидияланса, қажетті техника мен құрал-жабдық сатып алуға да қомақты көмек көрсетіледі», — деді аудан басшысы.

Айман Базарова алдағы уақытта шаруашылығын кеңейтіп, балық өсіру бассейндерінің санын арттыруды және мемлекеттік қолдау бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда Жетісай ауданында балық өсірумен айналысатын 10-нан астам шаруашылық бар. Бұл көрсеткіш — аудан экономикасының жаңа бағыттағы дамуының айқын дәлелі. Мұндай бастамалар жергілікті тұрғындардың табысын арттырумен қатар, аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне де үлес қосуда. Жетісайлықтардың тынымсыз еңбегі мен мемлекет ұсынған қолдаулардың арқасында табиғи таза өнім өндіру, жаңа жұмыс орындарын ашу және экспорт әлеуетін арттыру бағытындағы нақты нәтижелер көзге көрініп келеді.