Жетісай ауданында ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыру, соның ішінде жүзім өсіру бағыты қайта қарқын алып келеді. Негізгі табысын жерден тауып отырған жетісайлық дихандар үшін егілген әрбір көшеттің мол өнім беруі мен нарықтағы бағаның тұрақтылығы – өңірдің экономикалық өзін-өзі қамтамасыз етуінің басты тетігі.
Бүгінде аудан аумағында жүзім шаруашылығымен айналысатын ірі агроқұрылымдардың бірі – «Erte-Agro» ЖШС. Шаруашылық 2017 жылы құрылған. 2018 жылы Украинадан «Аркадия», «Лидия», «Байқоңыр», «Анюта», «Велес», «Кодрянка», «Преображение», «Академик», «Дубовский» сынды асханалық жүзімнің 9 сортын әкеліп, 40 гектар алқапқа отырғызған.
Кәсіпорында тамшылатып суару әдісі қолданылып, өнімнің сапасы мен шығымдылығын арттыруға ерекше мән беріледі. Бүгінде өндірілген жүзім Түркістан және Шымкент қалаларына жөнелтіліп, одан әрі республика көлеміндегі сауда орындарына таратылады.
«Erte-Agro» ЖШС төрағасы Сұлтан Ерболұлының айтуынша, жетісайлық жүзімге сұраныс жыл сайын артып келеді. Шаруашылықта 10-ға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған, ал табыс көлемі өнім көлемі мен нарықтағы сұранысқа сай өсіп отырады.
Қазіргі таңда ауданда жалпы аумағы 466,8 гектар жерге «Киш-миш», «Тайфи розовый», «Гузаль қара» және шетелдік «Мускат Александровка», «Султанка белый», «Королева Винаградников» сорттары егілген. Өнімдер жергілікті және көршілес өңірлердің нарығына жеткізіліп, аудан экономикасын әртараптандыру мен өзін-өзі қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарып отыр.
