Бәйдібек ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту бағытында сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Соның бір көрінісі ретінде Ағыбет ауылдық округіне қарасты Жұлдыз елді мекенінде жаңа магистральды ауыз су жүйесі пайдалануға берілді.
Салтанатты іс-шара барысында аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев ауыл тұрғындарын құттықтап, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес елді мекендерді орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асып жатқанын атап өтті. Жұлдыз ауылында жалпы 104 тұрғын үй немесе 367 тұрғын жаңа су жүйесімен қамтылған. Бұл – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға және денсаулық сақтау стандарттарын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
Аудан аумағында барлық елді мекендер 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтылғанын атап өту маңызды. Сонымен қатар, «Шаян-Жамбыл-Танатар» елді мекендері арасындағы магистральды су құбыры мен су тазарту қондырғысын қайта құру жұмыстары басталды. Бұл нысан 2026 жылға дейін толық аяқталмақ. Сонымен қатар, Кеңестөбе, Амансай, Жыланды, Сарыбұлақ, Мыңбұлақ, Тұрақты, Жаңаталап, Ақтас, Кеңсай, Қошқарата, Теректі, Шалдар, Жарықбас және Алмалы ауылдарында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бәйдібек ауданы әкімдігі қолға алған жобалар ауқымды әрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жаңаталап және Жұлдыз елді мекендерінде ауыз су жүйелерінің құрылысы толық аяқталып, тұрғындар сапалы суға қол жеткізді. Сондай-ақ, Боралдай, Ағыбет, Жамбыл, Түйетас ауылдарында ауыз су жүйелерін қайта құруға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Жобалардың толық іске асырылуы 2026 жылға жоспарланған.
Аудандағы жүргізіліп жатқан жұмыстар тұрғындардың күнделікті өмір сапасын арттыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға және ауыз суға қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл бағыттағы жобалар тұрғындардың денсаулығын қорғаумен қатар, ауылдардың дамуына да серпін беріп отыр.
Бәйдібек ауданы әкімдігі алдағы уақытта да халық игілігіне бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып, елді мекендердің инфрақұрылымын заманауи талаптарға сәйкес жаңғыртуға күш салады. Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуына да үлес қосып отыр.
Жобалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы жергілікті халыққа тұрақты су көзін қамтамасыз етіп, ауылдық елді мекендердің дамуына жаңа серпін береді. Бұл – Бәйдібек ауданындағы инфрақұрылымды жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан маңызды және жүйелі жұмыстың айқын көрінісі.
