БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДА ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛАДЫ

Түркістан облысында туризм саласын дамыту — аймақ экономикасын әртараптандыру мен жаңа жұмыс орындарын ашудың маңызды бағыттарының бірі. Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың қатысуымен өткен кездесуде Бәйдібек ауданындағы туризм саласына инвестиция тарту және инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды. Басқосуға «Бәйдібек қаған» қоғамдық қорының өкілдері мен жауапты басқарма басшылары қатысты.

Кездесу барысында аудан аумағындағы киелі орындар мен тарихи нысандарды абаттандыру, зияратшылар мен туристерге арналған қонақүйлер салу, демалыс аймақтарын көбейту, сондай-ақ экологиялық және этнотуризм бағыттарын дамыту мәселелері көтерілді. Сонымен қатар табиғи шатқалдар мен туристік соқпақтарға апаратын жол-көлік инфрақұрылымын жаңарту, туристік сервис сапасын арттыру, жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігін ынталандыру бағытында нақты ұсыныстар жасалды.

Облыс басшысы өңір туризмін дамытудың тек экономикалық емес, әлеуметтік және мәдени маңызға да ие екенін атап өтті. Ол Бәйдібек ауданын Түркістан облысының аймақтық туристік орталықтарының біріне айналдыру қажеттігін айтты. Бұл бастама жүзеге асқанда ауданға жаңа инвестициялар тартылып, жүздеген жаңа жұмыс орны ашылып, қызмет көрсету сапасы жақсаратын болады.

Кездесу қорытындысы бойынша әкімдік тарапынан ұсынылған жобалар мен бастамалар қолдау тауып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Әрбір бағыттың орындалуы облыс әкімінің жеке бақылауында болатыны айтылды.

Бәйдібек ауданы табиғи және тарихи нысандарға бай өлке ретінде ішкі және сыртқы туризмнің әлеуетті бағыты болып саналады. Мұнда ерекше табиғи сұлулығымен танымал Боралдай шатқалы, Ақмешіт үңгірі, Домалақ ана кесенесі, сондай-ақ Жабай өзенінің аңғары сияқты табиғи және киелі орындар орналасқан. Бұл нысандарды заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз ету арқылы ауданға келетін туристердің саны бірнеше есеге артуы мүмкін.

Туризм саласын дамытудың негізгі мақсаты – өңір экономикасына қосымша табыс көзін қалыптастырумен қатар, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыру және кәсіпкерлікті жандандыру. Осы мақсатта облыс әкімдігі жол, инженерлік желі және сервистік инфрақұрылымды дамыту бойынша нақты шаралар қабылдап, жеке инвесторлармен ынтымақтастық орнатуда.

Болашақта Бәйдібек ауданында қонақүйлер, этноауылдар, визит-орталықтар мен демалыс кешендері салу жоспарланып отыр. Бұл жобалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, Түркістан облысын Орталық Азияның туризм картасында ерекше орынға шығаруға ықпал етпек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *