Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірлерінде инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы бағытта Түркістан облысы да белсенді дамып, өңірлерде жаңа өндіріс ошақтарын құру ісіне ерекше көңіл бөлуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен қолға алынған маңызды жобалардың бірі – Арыс қаласында салынып жатқан өндірістік парк. Бұл жоба – қаланың экономикалық әлеуетін арттырып, өзін-өзі қамтамасыз ететін, бәсекеге қабілетті өндіріс орталығына айналуға бағытталған маңызды қадам.
Арыс – Отырар тасжолының бойында орналасқан жаңа өндірістік аймақтың жалпы аумағы 1,44 гектарды құрайды. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жобаның орындалу барысы қала әкімі Қайсар Маңқараевтың тікелей бақылауында. Әкімнің айтуынша, инвестиция тарту мен өндірісті дамыту — өңірдің тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз етудің басты тетігі. Өндірістік парк аумағында барлығы бес ірі жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, Термопанельдер өндірісі, Пластик есік-терезелер шығару, Жиһаз өндірісі, Бақша өнімдерін терең өңдеу, Тротуар плиталары мен бордюр бұйымдарын дайындау.
Аталған жобалардың жиынтық құны – 215 миллион теңге. Бұл – Арыс қаласы үшін ауқымды инвестиция көлемі. Жоба толық іске асқан соң, 30-дан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өндірістік парк іске қосылғаннан кейін қалада шағын және орта бизнес субъектілерінің көбеюіне, жергілікті шикізатты тиімді пайдалануына, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінің дамуына серпін береді. Бұл – тек жаңа жұмыс орындарын ашу ғана емес, аймақ экономикасының өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін көтеруге, яғни ішкі ресурстар есебінен тұрақты табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік беретін жүйелі жоба.
Сондай-ақ, өндірістік парк инженерлік және көліктік инфрақұрылыммен толық қамтылып, кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалмақ. Бұл өз кезегінде инвесторлар тартуға, жеке капиталдың өңір экономикасына енуіне жол ашады. Арыс өндірістік паркі – бұл тек өндіріс алаңы емес, өңірдің экономикалық жаңғыруының нақты көрінісі. Бұл – жаңа мүмкіндіктердің, тұрақты табыстың және кәсіпкерлік әлеуеттің артуының бастауы. Алдағы уақытта мұндай жобалардың жүзеге асуы Түркістан облысының ғана емес, жалпы еліміздің де индустриялық-инновациялық дамуына, экономикалық тәуелсіздігіне бағытталған маңызды қадам болмақ.
