Соңғы жылдары Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласында айқын серпінге ие болды. Бұл жетістік – мемлекет тарапынан көрсетілген жүйелі қолдаудың және жер емген еңбекқор шаруалардың тынымсыз еңбегінің жемісі. Облыстың агроөнеркәсіп кешені бүгінде өңір экономикасының негізгі тірегіне айналып, өндіріс көлемі мен өнім сапасы жыл сайын артып келеді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл ауыл шаруашылығы субъектілерін қолдауға 48,5 млрд теңге бөлінген. Оның 43,3 млрд теңгесі облыстық бюджеттен, ал 5,2 млрд теңгесі үкіметтік резерв есебінен қарастырылды. Бұл қаржы нақты өнім өндірушілерге жетіп, егін шаруашылығын әртараптандыруға, жылыжай көлемін арттыруға, сондай-ақ мал шаруашылығын асылдандыруға бағытталды. Мәселен, 2023 жылы өңірде 78 мың тонна жылыжай өнімі жиналса, биыл бұл көрсеткіш 101,5 мың тоннаға жетіп отыр. Бұл – өнім көлемінің 1,3 есеге артуы деген сөз. Жылыжай шаруашылығын субсидиялау мен инфрақұрылымдық қолдаудың арқасында баға тұрақтанып, өнім сапасы мен көлемі айтарлықтай жақсарған.
Ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру мақсатында биыл егіс алқаптарына 206 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге көп, яғни жердің құнарлылығын арттырып, өнім шығымын молайтуға септігін тигізді. Мұндай көрсеткіштер Түркістанның ауыл шаруашылығы өндірісінің жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайды. Түркістан облысы республика бойынша мал шаруашылығы саласында да жетекші орында. Мұнда еліміздегі ірі қараның 13%, ұсақ малдың 22%, жылқының 11% және түйенің 14% өсіріледі. Ағымдағы жылдың 8 айында өңір шаруалары 123 мың тонна ет, 367 мың тонна сүт, 177 миллион дана жұмыртқа өндірген.
Мал шаруашылығын қолдау бағдарламаларының арқасында асыл тұқымды мал басы жыл сайын көбейіп келеді. Бұл бағытта мемлекет тарапынан субсидиялар мен жеңілдетілген несие тетіктері қарастырылып, фермерлердің өнімділігін арттыруға нақты мүмкіндік берілуде. Агроөнеркәсіп кешенін жүйелі қолдау өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын күшейтіп, ауыл халқының табысын арттыруға зор әсерін тигізіп отыр. Ең бастысы, Түркістанның топырағы да, еңбегі де өнімге айналып, ел экономикасына елеулі үлес қосуда.
