ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ ТАҒЫЛЫМЫ – ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ РУХАНИ МҰРАСЫ

Түркістан қаласында «Қожа Ахмет Ясауи тағылымы – түркі дүниесінің рухани мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Рухани һәм ғылыми бағыттағы ауқымды басқосуға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті, сондай-ақ еліміз бен шетелден келген белгілі ғалымдар, дінтанушылар және тарихшылар қатысты.

Конференцияның басты мақсаты – ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен мұрасын терең зерделеп, оның ілімін қазіргі қоғам өмірімен ұштастыра отырып, түркі халықтарының рухани бірлігін арттыру.

Жиынның ашылуында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев құттықтау сөз сөйлеп, Қожа Ахмет Ясауи мұрасының халқымыздың дүниетанымындағы және түркі өркениетіндегі ерекше орнын атап өтті.

– Түркістан – ұлтымыздың бойтұмары, түркі дүниесінің мәдени астанасы. Бұл шаһар халқымыздың мыңжылдық тарихымен, рухани сабақтастығымен біте қайнасқан. Түркістанның рухани орталыққа айналуына Қожа Ахмет Ясауидің қосқан үлесі айрықша. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды» деп атап өткен болатын. Осыған сәйкес, біз Түркістан қаласында имамдардың білімін жетілдіретін «Ислам институтын» ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл институт дәстүрлі діни мектебімізді жаңғыртып, имамдардың білім деңгейін арттыруға зор мүмкіндік береді, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Аймақ басшысының орынбасары атап өткендей, Ясауи мұрасы – тек өткеннің емес, бүгінгі күннің де рухани бағдаршамы. Қазіргі жаһандану заманында жастардың бойында рухани құндылықтар мен имандылық қасиеттерді қалыптастыруда Ясауи ілімінің мәні зор.

Мазмұнды конференцияда ғалымдар мен дінтанушылар Ясауидің сопылық ілімінің мән-маңызын, оның түркі халықтарының бірлігі мен рухани жаңғыруындағы рөлін жан-жақты талқылады. Сондай-ақ, ұлы ойшылдың еңбектерін заманауи тұрғыда зерттеу және әлемдік деңгейде насихаттау қажеттігі айтылды.

Түркі әлемі үшін ортақ тұлға саналатын Қожа Ахмет Ясауидің ілімі – әділдік, мейірім және адамгершілік қағидаларына негізделген. Сондықтан да оның еңбектерін ғылыми айналымға енгізіп, қазіргі қоғамдағы рухани-адамгершілік тәрбиенің құрамдас бөлігі ретінде дамыту – заман талабы.

Конференция аясында қатысушылар мазмұнды баяндамалар жасап, пікір алмасып, болашақтағы ғылыми бағыттар бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Шара соңында Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арналған екі жаңа кітаптың тұсаукесері өтті.