ҚАЗЫҒҰРТ: ШЕКАРА МАҢЫНДАҒЫ САУДА МЕН ЭКСПОРТ ӘЛЕУЕТІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысының Қазығұрт ауданы – ауыл шаруашылығы мен сауда байланысын ұштастырып, өңірдің экономикалық дамуына серпін беріп отырған маңызды аймақтардың бірі. Әсіресе, Тұрбат ауылдық округі соңғы жылдары жылыжай шаруашылығын дамытып, шекара маңындағы өнім айналымының маңызды орталығына айнала бастады.

Ауылдағы «Пасека Бал» шаруа қожалығы – дәл осы бағытта табысты жұмыс істеп отырған кәсіпорындардың бірі. Мұнда көкөніс өсірумен қатар, гүл шаруашылығына да ерекше көңіл бөлінеді. Қожалықтың 2 гектар аумағында заманауи жылыжай кешені орналасқан. Оның 0,65 гектарына қияр, ал 1,35 гектарына раушан гүлдерінің “Черная магия” және “Пиони Бабблз” сорттары отырғызылған.

Жыл сайын шаруашылықта 60 тоннаға дейін көкөніс және 500 мыңнан астам раушан гүлі өндіріледі. Бұл өнімдер Қазығұрт ауданы мен Түркістан облысының ішкі нарығымен қатар, көршілес өңірлерге және шекара маңындағы базарларға жөнелтіледі. Алдағы уақытта кәсіпорын Өзбекстан мен Қырғызстан нарығына экспорт көлемін ұлғайтуды көздеп отыр.

Мұндай жобалар – Қазақстанның оңтүстігінде шекара маңындағы сауда мен ауыл шаруашылығын қатар дамыту саясатының нақты нәтижесі. Өнім түрінің көбеюі мен сапаның артуы өңір экономикасына тікелей әсер етіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашты. Бүгінде шаруашылықта 20 тұрақты және маусым кезінде 30-ға жуық жұмысшы еңбек етуде. Олардың орташа айлық жалақысы 150–200 мың теңге аралығында.

Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловтың айтуынша, мұндай жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Шекара маңындағы ауылдарда өндірілген өнімнің нарыққа еркін шығарылуы жергілікті кәсіпкерлердің табысын арттырып, экономикалық белсенділікті күшейтеді.

Қазығұрттық шаруалар бүгінде экспорттық әлеуеті жоғары, экологиялық таза өнім өндірумен танылып келеді. Ал Тұрбаттағы жылыжай кешендері – шекаралық сауданың жаңа тынысын ашып, Қазақстанның ауыл шаруашылығын бәсекеге қабілетті етуге бағытталған нақты қадам.