ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА ЗАМАНАУИ СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Түркістан облысының Қазығұрт ауданына қарасты Шарбұлақ елді мекенінде заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Жаңа нысан ауыл тұрғындары мен жас спортшылар үшін маңызды әрі қажетті инфрақұрылым болып табылады. Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, «Үлгілі ауыл» байқауында жеңімпаз атанған ауыл тұрғындарын құттықтады және спорттық нысанның ауыл өміріне қосатын пайдасына тоқталды.

📌– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында ауылдық елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және тұрғындарға қолайлы орта жасау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Осы мақсатта облыс әкімдігінің бастамасымен «Үлгілі ауыл» байқауы ұйымдастырылды. Байқау нәтижесінде Шарбұлақ ауылы жеңімпаз болып танылып, тұрғындардың өтінішіне сәйкес спорт кешенін салуға қаражат бөлінді. Жаңа нысан ауылдың спорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтереді деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.

Ашылу рәсімінде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев сөз сөйлеп, жаңа кешенде бұқаралық спорт дамитынына сенім білдірді. Сонымен бірге әлем чемпионы Сәкен Бибосынов, Қайрат Ералиев және Шынболат Райханов спорт нысанының сапасын жоғары бағалап, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Облыс әкімі мен ауыл ақсақалдары, қонақтар спорт кешенін ресми түрде ашқан соң жаттығу залдарының жабдықталуымен танысып, жас спортшылармен кездесіп, оларға сәттілік тілеп, бұқаралық спортты дамыту өңір үшін басым бағыт екенін атап өтті.

Спорт кешенінің құрылысын «VERTEX BUILD» ЖШС жүргізіп, жобаға 500 млн теңгеден астам қаржы қаралған. Нысанның жалпы аумағы 2,83 гектарды, ғимарат ауданы 1720 шаршы метрді құрайды. Кешен ішінде күрес, бокс, заманауи тренажер залдары және жабық футбол манежі орналасқан. Ал сыртқы аумақта баскетбол, волейбол, футбол, жеңіл атлетика алаңдары, «street workout» құрылғылары және балалар ойын алаңшалары бар.

Қазіргі таңда спорт кешенінде бокс, еркін күрес және футбол секциялары жұмыс істеп, 300-ге жуық жасөспірім тұрақты түрде спортпен айналысуда. Сондай-ақ, нысанның ашылуымен 10 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды.

Айта кету керек, биыл Түркістан облысында 112 спорт нысанының құрылысы қолға алынған. Оның ішінде 102 спорт нысаны 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі, ал қалған 10 нысан 2026 жылы толық аяқталады. Жаңа спорт кешені Қазығұрт ауданы мен облыс спортын дамытуға елеулі үлес қосып, жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.