Түркістан облысында инвестициялық жобаларды қаржыландыру және инвесторлармен әріптестікті күшейту бағытында нақты шаралар қолға алынуда. Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Шайхы Жандоспен кездесті.
Кездесу барысында өңірдің инвестициялық ахуалы, іске асырылып жатқан жобалар және жаңа бағыттар талқыланды. Түркістан облысы бүгінде республикалық деңгейде инвестиция тартуда белсенді аймақтардың біріне айналып отыр. 2025 жылдың 9 айында өңірде 33 ірі инвестициялық жоба іске қосылып, 4793 жаңа жұмыс орны ашылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 48 жобаға жеткізу жоспарланып отыр.
Облыстың 2028 жылға дейінгі даму стратегиясында 111 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл бастамалар толық орындалған жағдайда өңірде 23 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Тек 2024 жылдың өзінде іске қосылған 16 жоба 1358 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз еткен.
Кездесуде тараптар инвестициялық жобаларды қаржыландыру кезінде туындайтын кедергілер мен шешімін қажет ететін мәселелерге де назар аударды. Сондай-ақ халық тығыз орналасқан аудандарда инвестиция және несиелендіру бойынша кеңес беретін орталықтар ашу, қаржылық сауаттылықты арттыру бағытындағы бастамалар қаралды.
«Бәйтерек» холдингі өңірдің агроөнеркәсіп, инфрақұрылым және қайта өңдеу салаларындағы жобаларына ерекше қызығушылық танытып отыр. Холдинг өкілі Жандос Шайхының айтуынша, жыл басынан бері Түркістан облысынан ұсынылған жалпы құны 500,8 млрд теңгені құрайтын 6 жоба мақұлданған. Бұл – өңір экономикасын әртараптандыру мен өндіріс әлеуетін арттырудағы маңызды қадам.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағытында нақты іс-шаралар жоспарын бекітті.
Жаңа келісімдер Түркістанның инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, аймақ экономикасын дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға және жаңа өндіріс орындарын ашуға серпін бермек.
