Түркістан облысында энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, электр қуатының сапасы мен қолжетімділігін арттыру – өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің басты басымдықтарының бірі болып табылады. Осы мақсатта облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС басшылығымен кездесу өткізіп, энергетикалық әлеуетті көтеру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және алдағы күзгі-қысқы маусымға дайындық барысын талқылады.
Кездесу барысында өңір басшысы энергетикалық құрылымдардың тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуі халықтың тұрмыс сапасы мен кәсіпкерліктің дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті.
— «Облыста энергетикалық жүйелердің үздіксіз әрі сапалы жұмысын қамтамасыз ету – басты міндет. “Оңтүстік жарық транзит” компаниясымен бірлесіп, электр қуаты жиі сөнетін нүктелердің интерактивті картасын әзірлеп, бақылауға алу қажет. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге электр қуатын тұрақты беру – ең маңызды мәселе. 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дейін барлық осал нүктелерді жаңарту мен жөндеу жұмыстары толық аяқталуы тиіс», – деді Нұралхан Көшеров.
Сонымен қатар облыс әкімі өңірде индустриялық аймақтар мен жаңа өндіріс орындарының ашылып жатқанын, сол себепті энергиямен қамту жүйесін кеңейту мен заманауи желілер тарту қажеттігін атап өтті.
Энергетикалық тұрақтылық – инвесторлар үшін негізгі факторлардың бірі. Сол себепті облыстағы энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту және кеңейту бағытында бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
«Оңтүстік жарық транзит» ЖШС өкілдерінің айтуынша, соңғы жылдары компания тарапынан энергетикалық жүйелерді жаңарту, трансформаторлық подстанцияларды ауыстыру, жаңа қуат көздерін іске қосу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биылдың өзінде инвестициялық бағдарлама аясында ондаған нысанда электр желілерін жаңғырту және цифрлық басқару элементтерін енгізу қолға алынған. Бұл шаралар тұтынушыларға жеткізілетін электр қуатының сапасын арттырып, апатты жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ компания 2026 жылға дейінгі кезеңге арналған инвестициялық даму жоспарын ұсынды. Онда облыстың барлық аудан-қалаларында жаңа жоғары кернеулі желілер тарту, ескі подстанцияларды заманауи жабдықтармен алмастыру және энергия үнемдеу технологияларын енгізу көзделген.
Мәжіліс соңында облыс әкімі инвестициялық жобаларды уақытылы әрі сапалы орындаудың маңызын атап өтіп, энергетика саласының барлық қатысушыларының өзара үйлесімді жұмысын талап етті.
Оның айтуынша, энергетикалық инфрақұрылымның тұрақтылығы — Түркістан облысына тартылатын инвестициялар көлемін ұлғайтып, жаңа өндірістер мен тұрғын үйлердің үздіксіз дамуына негіз болады.
Бүгінде Түркістан өңірі экономикалық өсіммен қатар энергетикалық жаңғыру кезеңіне қадам басып отыр. Заманауи технологиялар мен инвестициялық жобалардың жүзеге асуы алдағы жылдары өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, индустриялық әлеуетін арттыруға зор серпін береді.
