Түркістан облысы – мәдениет пен тарихтың алтын бесігі. Бүгінде өңірде мәдениет саласын жүйелі дамыту бағытында кешенді жұмыстар атқарылып, салаға инвестиция тарту мен инфрақұрылымды жаңғырту басты назарға алынған. Мәдениет саласы қазіргі таңда алты бағыт бойынша халыққа қызмет көрсетеді: театр, концерттік ұйымдар, музей, кітапхана, тарихи-мәдени мұра және тілдерді дамыту мен ономастика. Бұл бағыттар бойынша облыстық мәдениет басқармасына қарасты 24 мәдениет мекемесі тұрақты қызмет атқаруда.
Өңірдің мәдени әлеуеті соңғы жылдары едәуір күшейіп келеді. Мәселен, үш театрда 9 айдың ішінде 15 жаңа спектакль сахналанып, 35 мың көрермен қамтылды. Бұл көрсеткіш халықтың мәдени өмірге деген сұранысының артып келе жатқанын көрсетеді. Театр өнеріне сұраныстың өсуі – бұл салаға жаңа инвестициялық серпін беріп, жас режиссерлер мен актерлердің шығармашылығын дамытуға мүмкіндік туғызуда.
Сонымен қатар, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Конгресс холл» көп салалы кешенінде биыл 145 концерт пен мәдени іс-шара ұйымдастырылып, 85 500 көрермен қамтылған. Бұл көрсеткіш облыстың мәдени туризмін дамытуға да әсер етіп отыр. Өйткені мәдениет саласы – тек рухани емес, сонымен бірге экономикалық табыс көзіне айнала алатын сала.
Музейлер мен кітапханалар жүйесі де жаңа серпінге ие. 24 музейде биыл 552 көрме мен 5983 экскурсия өткізілді, келушілер саны 205 мыңнан асты. Ал облыстағы 388 кітапхана жыл басынан бері 23 985 жаңа кітаппен толықтырылып, оқырман саны 2,5%-ға артқан. Бұл деректер – мәдени инфрақұрылымға салынған инвестицияның тиімділігін айқындайды.
Мәдени нысандар құрылысына да ерекше көңіл бөлінуде. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 7 мәдениет нысанында құрылыс жұмыстары жүргізілуде, жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, 2026 жылға дейін тағы 9 жаңа нысанның құрылысына қаржы бөлінді. Түркістан қаласында жергілікті бюджет есебінен 500 орындық мәдениет үйі халық игілігіне берілді.
Бұдан бөлек, «Artsport.kz» платформасы арқылы өңірде 676 шығармашылық үйірмеде 18 575 бала тегін оқып жүр. Бұл – болашақ мәдени капиталға жасалып отырған нақты инвестиция. Балалардың шығармашылық қабілетін ерте дамыту – елдің мәдени әлеуетін арттырумен қатар, әлеуметтік тұрақтылық пен рухани бірлікті нығайтады.
Мәдениет саласына инвестиция тарту тек ғимарат тұрғызу немесе құрал-жабдықпен қамтамасыз ету емес, ол – қоғамның рухани деңгейін көтерудің, жаңа жұмыс орындарын ашудың, туризмді дамытудың негізі. Түркістан облысы осы бағытта нақты нәтижелерге жетіп отыр.
