ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН ТҮРКИЯ: ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТІКТІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Түркістан облысында инвестициялық ахуалды дамыту және халықаралық экономикалық байланыстарды кеңейту бағытында маңызды кездесулер жүргізілуде. Соңғы шаралардың бірі – облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің Түркияның ұлттық мәжіліс депутаты, «АК» партиясының Бас хатшысының орынбасары Зорлу Кюршадпен кездесуінде жүзеге асты. Тараптар өңірлік экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету, бірлескен жобаларды іске асыру және инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту жолдарын талқылады.

Облыс басшысы Нұралхан Көшеров екі ел арасындағы тарихи байланыстар мен бауырластық қарым-қатынастың экономикалық дамуға серпін беретінін атап өтті:
«Қазақстан мен Түркияның ортақ тарихы мен мәдени байланысы бізге инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Түрік инвесторларының облысымыздағы жобаларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Н.Көшеров.

Тараптар Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін жоғары бағалап, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді. Аймақтық деңгейде Түркияның қатысуымен 2 ірі жоба табысты іске асырылды:

  • Халықаралық әуежайдың құрылысы, «YDA Holding» компаниясы жүзеге асырып, рекордтық мерзімде пайдалануға берілді. Бұл нысан өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, туристік ағынды ұлғайтуға мүмкіндік беруде.
  • «Керуен – Сарай» туристік кешені, Түркістан қаласында салынып, халық игілігіне берілді. Кешен өңір туризмін дамытуға, туристік өнімнің сапасын арттыруға ықпал етуде.

Сондай-ақ, облыста Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жұмыс істеп, білім және ғылыми ынтымақтастық арқылы экономикалық дамуға қосымша әлеует береді.

Қазіргі таңда Түркістан облысында инвесторларға барлық жағдай жасалған. Облыста 20 индустриялық аймақ және «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Онда дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелері мен өндіріс алаңдары ұсынылып, қатысушылар салықтардан, кедендік баждардан босатылып, экономикалық преференциялармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, жаңа өндірістік жобаларды қолдау мақсатында «Шағын өнеркәсіптік парктер» салынуда.

Экономикалық көрсеткіштер де оң динамикада дамып келеді: 2024 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 5 млрд АҚШ долларын құрап, оның 87,5 млн АҚШ доллары Түркістан облысына тиесілі болды. Облыс экспорттық әлеуетін ұлғайтуда белсенді жұмыс жүргізіп, экспорт көлемі 51,2 млн АҚШ долларына жетсе, импорт 36,3 млн АҚШ долларын құрады.

Түркістан облысының инвестициялық стратегиясы экспортқа бағдарланған өндіріс саласын дамытуға, туризм мен инфрақұрылымды жаңғыртуға, сондай-ақ халықаралық әріптестікті нығайтуға бағытталған. Түркиямен серіктестік облыстың экономикалық даму әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті қолдауға және өңірдің тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.