Түркістан облысы 2025 жылдың 10 айлық қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша республикада көшбасшылық позицияға көтерілді. Алдын ала есеп бойынша, өңірде өндірілген жалпы өнім көлемі 4 387,8 миллиард теңгеге жетіп, қысқа мерзімді экономикалық өсім 114,8%-ды құрады. Осы көрсеткіш Түркістан облысын республика бойынша екінші орында тұрғызды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров баяндады.
Әкімнің айтуынша, өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 256,8 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 113,4%-дық өсім көрсеткен. Өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі 593,2 миллиард теңгеге жетіп, өсім 111,2% деңгейінде орын алған және жоспар толық орындалған. Түркістан облысының басты мақсаты – Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмаларына сәйкес өңірді экономикасы дамыған аймаққа айналдыру. Осы бағытта өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту және терең өңдеу салаларына басымдық беріліп отыр.
Өңірдегі тау-кен өндірісі 574,6 миллиард теңгені құрап, өсім 115,1%-ға жетті, жоспар (115%) толық орындалды. Ауыл шаруашылығында 1 086,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім қарқыны 101,7% деңгейінде орындалды. Оның ішінде мал шаруашылығы 353,5 миллиард теңгені, өсімдік шаруашылығы 728,0 миллиард теңгені құрады. Түркістан облысының экономикасына 1 178,4 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 124,2%-ды құрады.
Сауда саласында жалпы көлем 688,4 миллиард теңгеге жетіп, өсім 148,3%-ды көрсетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 450,6 миллиард теңгеге жетіп, өсім қарқыны 128,6% деңгейінде қалыптасты. Есепті кезеңде 931,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылып, өсім 110,2%-ға жетті. Көлік және қоймалау қызметі 445,2 миллиард теңгеге жетіп, 124,8%-ға артса, байланыс қызметінің көлемі 9,8 миллиард теңгені құрады.
Әлеуметтік салада да жүйелі жұмыстар нәтижелі жүргізілуде. Республика бойынша көпбалалы отбасылардың төрттен бірі Түркістан облысында тұрады. Соңғы үш жылда атқарылған жұмыстардың арқасында атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге қысқарған, кедейлік деңгейі 4,4%-ға төмендеген. Биылғы 10 айда өңірде 122 мың жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрады, бұл көрсеткіш облыстың экономикасының тұрақты даму қарқынын айқын көрсетеді.
Барлық көрсеткіштер Түркістан облысының экономикалық тұрақтылыққа, әлеуметтік әлеуеттің артуына және өндіріс пен инвестицияның өсуіне негізделген стратегиялық дамуының айқын дәлелі болып отыр. Өңірдің тұрақты даму динамикасы, инвестициялық тартымдылығы және өндірістің өсу қарқыны оның республикалық көшбасшылар қатарына енуіне мүмкіндік берді, ал халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік бағдарламалар экономикалық жетістіктерді қолдап отыр.
