ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЭКОНОМИКАСЫ: ТҰРАҚТЫ ӨСІМ МЕН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ СЕНІМ АРТЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысы – соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық серпілісімен ерекшеленген өңір. Мемлекет басшысының тапсырмалары мен өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің бастамаларының нәтижесінде облыс экономикасы тұрақты даму траекториясына шықты. Алдын ала есеп бойынша, биылғы жылдың 8 айының қорытындысында жалпы өңірлік өнім көлемі 3 триллион теңгеге жетіп, қысқа мерзімді экономикалық өсім 115,8 пайызды құрады. Бұл – Түркістан облысының экономикасы қарқынды өсіп келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.

Облыстың негізгі макроэкономикалық бағыттарында да оң динамика сақталуда. Әсіресе, өнеркәсіп саласында айтарлықтай өсім байқалады. 2025 жылдың 8 айында 982,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,1 пайызға жоғары болды.

Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру мақсатында биыл 61 млрд теңгеге 18 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 8 айдың ішінде үш ірі зауыт іске қосылып, жаңа өндіріс орындары пайда болды. Ал Созақ ауданында құны 74,7 млрд теңге болатын табиғи уранды өңдеу зауытының ашылуы – тек облыс үшін ғана емес, ел экономикасы үшін де стратегиялық маңызы бар оқиға. Бұл кәсіпорынның жұмысы аймақтың экспорттық әлеуетін күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, өңірде шағын өнеркәсіптік парктерді дамыту бағытында нақты істер атқарылуда. 100 гектар аумақта 152 өндірістік ғимарат салу жоспарланған. Өткен жылы оның ішінде 11 ғимарат бой көтеріп, 36,5 млрд теңге көлеміндегі инвестициямен 11 жоба сәтті жүзеге асырылды. Мұндай өндірістік инфрақұрылым кәсіпкерлерге өз бизнесін дамытуға және өңірдің экономикалық белсенділігін арттыруға жол ашуда.

Ел Президентінің тікелей тапсырмасымен Түркістан облысында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы құрылуда. Бұл жаңа бастама өңдеу өнеркәсібін жаңа деңгейге шығарып, аймақтық және халықаралық ынтымақтастықты күшейтуді көздейді. Орталық іске қосылған соң 3000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, шетелдік және отандық кәсіпорындар үшін тиімді өндірістік алаң қалыптасады деп күтілуде.

Жыл басынан бері облысқа 783 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,3 есе көп. Инвесторлардың сенімінің артуы өңірдің экономикалық тұрақтылығын, инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін және басқару тиімділігін көрсетеді.

Түркістан облысы бүгінде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және кәсіпкерлік салаларын тең дамыта отырып, елдің жалпы экономикалық өсіміне елеулі үлес қосып отыр. Өңірдегі әрбір жаңа жоба – жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мен Түркістанды инвестициялық тартымды аймақ ретінде қалыптастыру жолындағы нақты қадам.

Түркістан – тек рухани орталық емес, экономикасы қуатты, өндірісі өркендеген өңірге айналып келеді.