ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ МЕН ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТТІ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖОБАЛАР ЖҮЙЕЛІ ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

Түркістан облысында өңір экономикасын әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру, инвестиция тарту және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу секторын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында халықаралық серіктестік аясында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда.

Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында Цзянсу провинциясының Нанкин қаласында Қытайдың жетекші өнеркәсіптік және тоқыма компанияларының басшыларымен маңызды келіссөздер өткізді.

Кездесулер барысында Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан мақта-тоқыма кластерінің даму барысы, өндірістік қуаттарды арттыру, жаңа кәсіпорындар ашу және химия өнеркәсібін дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Бүгінде Түркістан облысында іске асырылып жатқан толық циклді мақта-тоқыма кластері еліміздегі ең ірі индустриялық жобалардың бірі болып саналады. Жалпы инвестициялық құны 146,6 миллиард теңгені құрайтын жоба Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында, сондай-ақ Арыс қаласы мен Отырар ауданында кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Жоба аясында мақта өсіруден бастап дайын тігін өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбек қалыптастырылады. Кластер құрамында мақта өңдеу зауыттары, иіру фабрикалары, мата тоқу және бояу-әрлеу өндірістері, тігін кәсіпорындары, тамшылатып суару жүйелері мен ПВХ құбырларын өндіретін зауыттар жұмыс істейтін болады.

Мұндай кешенді өндірістік құрылым өңірдегі шикізатты терең өңдеуге мүмкіндік беріп, өнімнің қосылған құнын арттыруға және халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге жол ашады. Кластер толық қуатына шыққан кезде 4150 жаңа жұмыс орны ашылып, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға елеулі үлес қосады.

Кездесу барысында биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін жалпы құны 46,5 миллиард теңгені құрайтын алты өндірістік жобаның жүзеге асырылу барысы да қаралды. Аталған жобалардың қатарында тігін фабрикасы, тоқыма және бояу-әрлеу кәсіпорындары, мақта өңдеу зауыттары мен тұқым өңдеу кешендері бар.

Өңір экономикасы үшін маңызды жаңа бастамалардың бірі – Сауран ауданындағы «Оранғай» арнайы экономикалық аймағында аммиак пен карбамид өндіретін интеграцияланған химия кешенін салу жобасы. Құны 70 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын іске қосылғаннан кейін жылына 300 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндік береді.

Бұл жоба ауыл шаруашылығы саласын минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге, импорт көлемін азайтуға және агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар жаңа өндіріс орнында 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Келіссөздер барысында Қытайдың жетекші тоқыма компанияларының бірі саналатын Huafang компаниясымен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері де талқыланды. Компанияның өңірде мата өндіру және бояу-әрлеу өндірістерін дамытуға қызығушылық танытуы Түркістан облысының тоқыма өнеркәсібін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.