Түркістан облысында тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, жұмыссыздықты азайту және әлеуметтік осал топтарды қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Облыс әкімдігінде өткен жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сараланып, кедейшілік деңгейін төмендету және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жиналыс барысында аудан және қала әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
– Аудан, қалалардағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға жауапты комиссиялардың жұмысын қатаң бақылау қажет. Комиссия мүшелерін оқыту семинарлары арқылы олардың біліктілігін арттыру – маңызды міндет. Әлеуметтік төлем алушылардың жағдайын мұқият талдап, тиімді іс-шаралар жоспарын қабылдау қажет. Ең бастысы – инвестиция тарту мен тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге басымдық беру керек. Тек сол арқылы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарта аламыз, – деді аймақ басшысы.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева биылғы жылдың 8 айында 58 981 адамға (9 525 отбасыға) атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалып, 3,9 млрд теңге төленгенін атап өтті. Кедейшілік деңгейі 2,7% құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,7%-ға төмендеген. Бұл – соңғы жылдардағы оң әлеуметтік динамиканың айқын көрсеткіші.
Жаңа технологиялар да әлеуметтік жүйеге енгізілуде. АӘК көрсетуде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету мақсатында FSM Social мобильді қосымшасы іске қосылып, аз қамтылған отбасылардың жағдайы автоматтандырылған жүйе арқылы анықталуда.
Сонымен қатар, 2025 жылға арналған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» шеңберінде облыста 130 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бұл республика бойынша құрылатын жұмыс орындарының 14,5%-ын құрап, елдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып отыр.
Биылғы 8 айда 100 807 азамат жұмыспен қамтылған. Оның ішінде, 59 925 адам тұрақты жұмысқа, 40 882 адам уақытша жұмысқа орналасқан.Сонымен қатар, 1 788 тұрғынға мемлекет тарапынан қайтарымсыз гранттар берілген.
Түркістан облысы бүгінде еңбек нарығын дамытып, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласында кешенді шаралар қабылдауда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өңір экономикасының тұрақты дамуына және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға қызмет етпек.
