ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Энергетика саласын дамытуға бағытталған жобалар электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беруде.

Осы бағыттағы жұмыстардың бірі Кентау қаласында жүзеге асырылуда. Инвестициялық бағдарлама аясында «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобының құрамындағы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС электр желілері мен қосалқы станцияларын кезең-кезеңімен жаңғыртып, энергетикалық инфрақұрылымды заманауи талаптарға сәйкестендіруде.

Қазіргі таңда қаладағы бірнеше 10/6/0,4 кВ трансформаторлық қосалқы станцияда кешенді жөндеу және техникалық жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жоба аясында күштік трансформаторлар мен электр жабдықтарына техникалық қызмет көрсетіліп, пайдалану мерзімі өткен құрылғылар жаңасына ауыстырылды. Сонымен қатар тарату құрылғылары ретке келтіріліп, қосалқы станциялардың техникалық мүмкіндіктері жақсартылды.

Жүргізілген жаңғырту жұмыстары электр энергиясын тұтыну көлемінің артуына байланысты туындайтын жүктемені азайтуға, электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде тұрғындар мен өндірістік нысандарға берілетін электр энергиясының сапасы мен сенімділігі едәуір жақсарады.

Энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруда да маңызды рөл атқарады. Сенімді электрмен жабдықтау жүйесі жаңа өндіріс орындарын ашуға, кәсіпкерліктің дамуына және өнеркәсіптік жобалардың тиімді іске асырылуына қолайлы жағдай қалыптастырады.

Түркістан облысында электр желілерін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып, коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған мемлекеттік бастамалардың тиімді жүзеге асуына негіз болып отыр. Бұл жұмыстар халықтың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына және энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға маңызды үлес қосады.