ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ШЕКАРАЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢҒЫРТЫЛЫП, ӨҢІРДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ АРТУДА

Түркістан облысында халықаралық көлік дәліздерін дамытуға және шекаралық инфрақұрылымды заманауи талаптарға сәйкестендіруге бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл бастамалар өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, сыртқы сауда байланыстарын кеңейтуге, кәсіпкерліктің дамуына және тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Сарыағаш ауданындағы «Жібек жолы» кеден бекетін кешенді қайта жаңғырту. Құрылыс жұмыстарының барысымен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев арнайы танысып, нысанда атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен қарқынына баға берді. Жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі жоғары сапамен аяқтау жөнінде нақты міндеттер жүктелді.

Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін кеден бекетінің өткізу қабілеті айтарлықтай артып, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекарадан өту үдерісі әлдеқайда тиімді әрі жедел ұйымдастырылады. Алты жолақты жаңа кешен тәулігіне шамамен 70 мың жолаушыны, 2 мыңға дейін автокөлікті және 200 автобусты қабылдауға қауқарлы болады. Бұл көрсеткіш өңірдің халықаралық көлік және сауда байланыстарын жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.

Жоба аясында кеден бекетінің әкімшілік және қызметтік ғимараттары кеңейтіліп, бұрынғыдан екі есеге жуық ұлғайтылуда. Соның нәтижесінде шекаралық бақылау мен кедендік рәсімдеу процестері цифрландырылып, қызмет көрсету жылдамдығы мен тиімділігі едәуір жақсарады. Сонымен қатар халықаралық стандарттарға сәйкес жабдықталған жаңа инфрақұрылым азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасап, қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта инженерлік желілерді жүргізу жұмыстары толық аяқталып, нысанның сыртқы әрлеу кезеңі қарқынды жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сай жалғасып, жаңа кеден бекетін биыл пайдалануға беру жоспарланған.

Шекаралық инфрақұрылымды жаңарту – Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыттарының бірі. Заманауи талаптарға сай бой көтеріп жатқан нысандар халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, транзиттік мүмкіндіктерді кеңейтуге, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және өңір экономикасының тұрақты өсіміне тың серпін береді. «Жібек жолы» кеден бекетінің жаңғыртылуы – Түркістан облысының қарқынды дамуы мен елдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижелерінің бірі.