ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Түркістан облысында халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрақты жұмыс орындарын құру және еңбек нарығын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Өңірде өндірістік кәсіпорындардың көбеюі, инвестициялық жобалардың іске асырылуы және кәсіпкерліктің дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беріп, тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамтуға оң ықпал етуде.

Облыс әкімдігінде өткен аппараттық мәжілісте жұмыспен қамту саласындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жан-жақты сараланып, халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселелері кеңінен талқыланды. Жиында өңір басшысы Нұралхан Көшеров еңбек нарығындағы өзекті мәселелерге тоқталып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Бүгінде Түркістан облысында жаңа өндіріс орындары мен зауыттар кезең-кезеңімен іске қосылуда. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындарды тұрақты еңбекпен қамтуға мол мүмкіндік береді. Осыған байланысты өңір басшылығы аудан және қала әкімдіктеріне, жұмыспен қамту саласына жауапты мекемелерге тұрғындарды өндіріс орындарына жұмысқа орналастыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Әсіресе жұмыс іздеп жүрген азаматтарға жаңа кәсіпорындардың мүмкіндіктерін таныстырып, кәсіптік бағдар беру және ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі атап өтілді.

Өңір экономикасының тұрақты дамуы үшін еңбек қатынастарын заңдастырудың маңызы зор. Осы бағытта облыста электронды еңбек шарттарын рәсімдеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Электронды еңбек шарттарының енгізілуі жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы құқықтық қатынастарды ашық әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Жұмыспен қамту саласындағы тағы бір маңызды бағыт – әлеуметтік төлемдердің уақытылы әрі толық аударылуын қамтамасыз ету. Бүгінде облыс көлемінде мыңдаған кәсіпорын өз қызметкерлері үшін міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты түрде аударып келеді. Бұл еңбеккерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттырып, олардың болашақтағы зейнетақы жүйесіне толыққанды қатысуына мүмкіндік береді.

Әлеуметтік саясаттың маңызды бөлігі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Осы мақсатта кәсіпорындарда өндірістік жарақаттанудың алдын алу және қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шаралары жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар еңбеккерлердің құқықтарын қорғауға және қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыруға негіз болып отыр.

Түркістан облысында жастарды жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе білім алмайтын, жұмыс істемейтін және кәсіби даярлықтан өтпейтін NEET санатындағы жастарды еңбек нарығына тарту бағытында нақты шаралар қолға алынған. Бұл жұмыстар жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға, олардың еңбек дағдыларын қалыптастыруға және тұрақты табыс көзін табуына ықпал етеді.