ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ ЕНГІЗІЛІП, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ӨНІМНІҢ САПАСЫ АРТУДА

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту мен су тапшылығын жою бағытында нақты жұмыстар атқарылып келеді. Өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу – осы саладағы маңызды стратегиялық басымдықтардың бірі. Соңғы жылдары бұл әдіс кеңінен қолданысқа еніп, еліміздің аграрлық секторында жаңа серпін беріп отыр.

Биыл алғаш рет елімізде күрішті су үнемдеу технологиясы арқылы өсіру тәжірибесі жүзеге асырылды. Оның бірегей үлгісі Отырар ауданының Қарғалы ауылында қолға алынды. Мұнда тамшылатып суару әдісімен күріш және мақта шаруашылығы қатар дамытылып, су ресурстарын тиімді пайдалану ісі табысты жолға қойылған.

Аталған жобаны «Таймас-2024» ЖШС жүзеге асыруда. Серіктестік директоры Төлеген Серікбаевтың айтуынша, облыс әкімдігінің қолдауымен шетелдік инвесторлармен келіссөз жүргізіліп, ауқымды жобаға инвестиция тартылған. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығына заманауи әдістерді енгізу арқылы қазақстандық өнімнің сапасын арттыруға және экспорттық әлеуетін көтеруге мүмкіндік туып отыр.

Жоба құны 2 миллиард теңгені құрайды. Толықтай инвесторлар тарапынан қаржыландырылып отырған кешеннің жалпы аумағы 5 мың гектар. Оның 2300 гектарына мақта, 500 гектарына күріш, ал 200 гектарына пісте дақылдары егілген. Егін алқабына 45 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылып, 25 маусымдық жұмыс орны ашылған.

Тамшылатып суару әдісінің басты артықшылығы – суды бірнеше есе үнемдеп, өнімділікті арттыру. Жоба қуаттылығы бойынша әр гектардан 50 центнерге дейін күріш алу жоспарланып отыр. Бұл тәсіл топырақтың құнарын сақтап, өнімнің сапасын жақсартуға және шығынды азайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында су ресурстарын үнемді пайдалану мен ауыл шаруашылығын жаңғыртуға ерекше назар аударып келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу бағытында нақты шаралар қабылданған. Биылдың өзінде өңірде бұл технологиялар 59 мың гектар жерге енгізілген, ал бастапқы жоспар 27 мың гектар болатын.

2028 жылға дейін облыс көлемінде жыл сайын кемінде 27 мың гектар, ал мүмкіндікке қарай 50 мың гектарға дейін су үнемдеу технологияларын енгізу көзделіп отыр. Бұл – ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттырумен қатар, су ресурстарын тиімді басқаруға, жердің экологиялық тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік береді.